Қазақстанның Түркиядағы Елшісі қазақ журналистерін қабылдады

АНКАРА. ҚазАқпарат - Анкарада Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы Қазақстаннан барған бір топ БАҚ өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның Түркиядағы Елшісі қазақ журналистерін қабылдады

Аталған кездесу Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстанның Түркиядағы елшілігі тарапынан арнайы ұйымдастырылған баспасөз туры аясында өткізілді.

«Түркиядағы елшілік - тәуелсіз Қазақстанның сырт мемлекетте ашылған алғашқы елшіліктерінің бірі. Мен ол кезде Анкарадағы Таяу Шығыс техникалық университетінің студенті едім. 1992 жылы білім алуға келдік. Сол кезде елшіліктің қалай ашылғаны есімде қалыпты. 1992 жылы 25 қазан айында Түркияның Тәуелсіздік күні қарсаңында екі елдің президенті бас қосатын болды. Елшіліктің ашылуы күнгі кештегі оқиға әлі есімде. Қас қарайып, аспанда ай көрінгенде, ерекше оқиға болды. Жаңа туған жарты айдың ортасына жұлдыз қонып, табиғаттың тамаша көрінісі болды. Түріктер өздерінің туындағы көрініске таңқалса, біз мұны жақсыға ырымға жорып, қуандық. Сол күні Елбасымыз бен С.Демирель кездесті. Президентіміз қазақ студенттерімен кездесіп, батасын берді. Елшіліктің ашылуына марқұм Тұрғыт Озал да келген болатын», - деп еске алды Қазақстан Елшісі.

null 

Абзал Сапарбекұлы Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасындағы алғашқы күндерді еске ала отырып, бүгінгі таңда атқарылып жатқан мәдени байланыстарға тоқтала кетті.

«Биыл Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы жарыққа шықты. Бірінші күннен бастап, түрік жұртшылығында, зиялы қауым өкілдері арасында мақала қызу талқыланды. Түркияның зиялы қауымы «бұл тек қана Қазақстанның рухани жаңғыруы болмауы керек, бұл жалпы түркі әлемінің манифесі болуы керек» деп бағалады. Бұл жөнінде ешкімге қолқа салып, мақала жаздырып, пікір сұрағанымыз жоқ. Бұл - олардың шынайы пікірі. Көп адам елшілікке хат жазып, ақжарма тілектерін білдіріп жатты. Бұл халықтың шын ықыласы. Соңғы 1,5 жыл ішінде біз шамамен 30-дан астам кітапты түрік тіліне аудардық. Енді екі елдің баспалары арасында байланыс орнатсақ деген ойымыз бар. Ондағы жоспарымыз коммерциялық мүддеге сай келетін кітаптарды аудартып, екі елде қаламгерлерді таныта түсу. Қазақ жазушылары Түркиядағы 80 млн халыққа танылса, ар жағында 10 млн әзербайжан біледі. Түркі әлемінде көптеген зиялылар түрікше білетінін қоссаңыз, қазақ қаламгері түркі әлеміне белгілі бола түседі. Енді осы уақытқа дейін түрік тіліне аударылған кітаптарды жинақтап, ортақ интернет плаформа құрсақ деген жоспарымыз бар»,- деді елші Абзал Сапарбекұлы.

Қазақстан елшісі Тәуелсіздігімізді ең алғашқы болып таныған Түркияның жақсылығы ешқашан ұмытылмайтынын, сол кезде басталған бауырластық қатынас бүгінгі күні де ел арасындағы байланысқа серпін беріп отырғанын айтты.

«Біз - Құдай қосқан бауырлас елміз. Бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынас та әрдайым нәзік, сезімтал болады. Мен түріктермен әңгіме-дүкен құрғанда біз жай мемлекеттер емес, бауырлас ел екенімізді, бір біріміздің қарым-қатынасымыз есепке құрылмау керектігін айтамын. Жалпы, Түркия мемлекеті Қазақстанның тәуелсіздігін ең бірінші таныды. Марқұм Тұрғыт Озал бірден телефон соғып, құттықтаған болатын. Түріктер Елбасымызды «Түркі әлемінің Ақсақалы» деп құрметтейді», - деді Елші.

Айта кетейік, Түркияда ұйымдастырылып отырған баспасөз туры екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастарындағы жетістіктер мен алдағы жоспарларды әрі Түркияның бүгінгі ахуалымен таныстыруға арналған. Баспасөз туры аясында қазақстандық журналистер Анкара қаласында Түркия үкіметіне қарасты Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) төраға орынбасары Сүрея Ермен, Түркия үкіметіне қарасты Баспасөз және ақпарат бас дирекциясының директоры Мехмет Ақжармен кездеседі.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация Түркияда 2016 жылы 15 шілдеде болған төңкеріс әрекетін көру мақсатында Түркия Ұлы ұлттық мәжілісіне барып, Түркия-Қазақстан Парламенттері арасындағы Достық тобының төрағасы депутат Халюк Ипекпен кездеспек.

null 

Түркиядағы баспасөз туры аясында ұйымдастырылатын маңызды шара 5 желтоқсан күні өткізілмек. Ол күні Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың 25 жылдығына арналған халықаралық конференция өтеді. Конференция Түркия Үкіметінің белді мүшелері мен экс-президент Абдулла Гүл қатысады деп жоспарланып отыр.

Баспасөз туры аясында қазақ журналистері Түркияның Анталия қаласына барып, Мәдениет және туризм басқармасының директоры Ибрагим Ажармен кездеседі. Анталиядағы кездесуден соң, делегация Газиантеп қаласындағы Сирия босқындары орналасқан Изип-2 лагерін көреді.

null 

Түркиядағы қазақ журналистерінің сапары 10 желтоқсан күні аяқталады.