Қазақстанның Ұлттық Банкі нарықпен коммуникацияларды нығайтуда
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Инфляцияның таргеттелетін деңгейін алдын ала белгілеу - кәсіпорындар мен жеке тұлғаларға өз жоспарларын алдын ала құрып алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы қаржы реттеушісінің ақша-кредит саясатының және жаңа ақпараттық саясатының ерекшеліктерін түсіндіру масатында бүгін Алматыда ҚР Ұлттық Банк басшысының орынбасары Ғалымжан Пірматов мәлім етті.
Оның айтуынша, бұл өз кезегінде қоғамда тиісті күтулерді қалыптастыруға ықпал етеді.
«Инфляцияның таргеттелетін деңгейі алдын ала белгіленеді, осыған байланысты орталық банктің барлық ақпараты мен жоспарлары алдын ала қолжетімді болады. Ал бұл, кәсіпорындар мен жеке тұлғаларға өз жоспарларын құруға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді ҚР Ұлттық Банк басшысының орынбасары.
Сонымен қатар, ол қоғамның орталық банкке деген сенімі, банктің іс-қимылдарының жүйелілігіне тікелей байланысты екендігін айтты.
«Осы тұрғыдан алып қарағанда нарықпен тығыз байланыс орнату үлкен рөл атқарады. Бұл, оңтайлы саясаттың басты элементі», - деді Ғ. Пірматов.
Қазіргі таңда ҚР Ұлттық Банкі елімізде кең ауқымды ақпараттық-түсіндірме жұмысын жүргізіп отыр.
Ғ. Пірматовтың айтуынша, бүгінгі таңда әлемде ақша-кредит саясатының жалпыға танымал үш түрі бар. Олар: валюта бағамын белгілеу, екінші - монетарлық таргеттеу және соңғысы - инфляциялық таргеттеу.
Естеріңізге сала кетелік, Қазақстанда осыған дейін 2015 жылғы 20 тамызға дейін іс жүзінде айырбастау бағамын белгілеу саясаты қолданылып келген. Қазіргі кезде Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты инфляциялық таргеттеу қағидаттарына негізделеді.
Бұл режим көптеген елдерде өте танымал. Ресми түрде инфляциялық таргеттеу Австралияда, Ұлыбританияда, Канадада, Оңтүстік Кореяда, Жаңа Зеландияда, Польшада, Чехияда және басқа мемлекеттерде қолданылады.