Қазақстанның ұлттық бірегейлік моделі Елбасы есімімен байланысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Бірегейлік пен бірлік: Қазақстан жолы және Н.Ә.Назарбаевтың үлгісі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция қатысушыларына құттықтау жолдады. Аталған шара ҚР Тұңғыш Президенті күні мен елорданың Астанаға көшірілуінің 20 жылдығына арналып ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның ұлттық бірегейлік моделі Елбасы есімімен байланысты

«Қазіргі заманғы өзекті тақырыпқа арналған маңызды форумның басталуымен баршаңызды құттықтаймын. Ұлттық бірегейлікті сақтау және нығайту  көпқырлы әрі жауапты міндет. Оны лайықты деңгейде іске асыру бүгінгі жаһандық өзгерістер заманындағы орнықты дамудың кепілі болып табылады. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан ұлттық бірегейлік пен қоғам бірлігін арттырудың өзіндік моделін қалыптастырды. Бұл осынау өлшемге  әрдайым ерекше көңіл бөлетін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімімен тікелей байланысты үлгі. Ел Президентінің бастамасымен қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қолға алынуы аталған модельге жаңа серпін берді. Жаңғыру құндылықтары қоғамдағы бірлік пен келісімді  қамтамасыз етудің маңызды факторына айналуда. Бүгінгі конференцияда бірегейліктің түрлі аспектілері рухани жаңарудың негізгі бағыттары аясында жан-жақты  қарастырылады деп сенемін. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық  моделінің әлеуетін одан әрі дамыта түсуге бұл іс оң ықпал етеді деп үміттенемін», - делінген Мемлекеттік хатшы құттықтауында.

Айта кетейік, конференция аясында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында «Тарихи таңдау. Мемлекеттілік негізі» атты көрменің ашылуы өтті.  Көрме айтулы  жылдарға сипаттама береді  және ол екі бөлімнен тұрады. Тұтастай алғанда көрмеде ұсынылған материалдар 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан Көшбасшысы мен оның халқы тарихи таңдау жасаған мемлекеттілігіміздің қалыптасуындағы маңызды жетістіктерді көруге болады.