Қазақстанның ұлттық компаниясы халықаралық беделді басылымның мәртебелі наградасын алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық беделді «EMEA Finance» журналы инвесторлардың кең ауқымы арасында «ҚазАгроҚаржы» АҚ теңгелік облигацияларының дебюттік шығарылымын «Еуропада, Таяу және Орта Шығыста әрі Африкада ұлттық валютадағы облигациялардың ең үздік шығарылымы» (The Best Local Currency Bond in EMEA) номинациясының жеңімпазы деп таныды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған компания баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бұл награда компанияға халықаралық капиал нарықтарындағы - EMEA Finance Achievement Awards 2016 жыл сайынғы ең үздік мәмілелерді іріктеу аясында берілді.
«Сенім артқаны үшін инвесторларға, сондай-ақ нәтижесі осы награда болып табылатын мәмілені ұйымдастыруда тәртіпке салынған жұмысы үшін андеррайтерлердің консорциумына компанияның атынан алғысымызды білдіреміз», - деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айнұр Сейтқасымова.
Естеріңізге сала кетейік, инвесторлардың кең ауқымы арасында жалпы сомасы 8 млрд. теңгеге «ҚазАгроҚаржы» АҚ 5-жылдық теңгелік облигацияларын дебютті нарықтық орналастыру 2016 жылғы 14 қарашада болып өтті. Эмиссиялық консорциумның басқарушысы және мәміле жөніндегі қаржы кеңесшісі ретінде «Halyk Finance» АҚ, бірлескен андеррайтерлері Еуразиялық Даму Банкі мен «Цесна Капитал» АҚ болды.
Аталған мәміле бойынша сұраныс ұсыныстан едәуір асып кеткенін және артында оң тәжірибесі бола тұрып, «ҚазАгроҚаржы» АҚ бұл жұмысты одан әрі жалғастыруды жоспарлап отырғанын атап өту маңызды.