Қазақстанның үш дүркін чемпионы кәсіпқой бокстағы үшінші айқасын өткізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның үш дүркін чемпионы Жан Кособуцкий кәсіпқой бокстағы үшінші кездесуін өткізеді. Жекпе-жек 21 желтоқсан күні Мәскеу қаласында болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отандасымыздың қарсыласы украиналық Алекснадр Нестеренко. Ол кәсіпқой бокста 17 кездесу өткізіп, тоғызында жеңіске жетсе, сегіз кездесуде жеңіліс тапқан. Жекпе-жек Мәскеу қаласындағы «Крылья Советов» спорт кешенінде ұйымдастырылады. Кездесу сегіз раундқа жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Кособуцкий кәсіпқой бокстағы соңғы жекпе-жегін қараша айында беларусь боксшысы Олег Заблотскийге қарсы өткізіп, жеңіске жеткен еді.