Қазақстанның үш облысында жолдар жабық
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды, Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы республикалық маңызы бар жолдарда көлік қозғалысы үшін жолдар жабық, деп хабарлайды «Қазақавтожол» РМК-ның баспасөз қызметінен.
Қарағанды облысында ауа райы жағдайының нашарлауына (жаңбырдан кейін күре жолдың 250-255 шақырымға созылған қозғалыс бөлігінде сазды-балшыққа айналып, тайғақ болуы) байланысты «Қызылорда-Павлодар» күре жолының 216-410 шақырымдарында, Қызылорда облысының шекарасынан бастап Талап ауылына дейінгі учаскеде көліктің барлық түрлерінің қозғалысына шектеу енгізілді.
Қызылорда облысында күн райы жағдайының нашарлауына байланысты «Қызылорда-Павлодар» күре жолының 12-216 шақырымдарында, Қызылорда қаласынан бастап Қарағанды облысының шекарасына дейінгі учаскеде көліктің барлық түрлерінің қозғалысына шектеу енгізілді.
Сондай-ақ,Ақтөбе облысындағы «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» күре жолының 200-220 шақырымдарында 2016 жылғы 21 наурыз күні еріген қар суының жолды шайып кетуіне байланысты Мөңке би ауылынан бастап Қайдауыл кентіне дейінгі учаскеде көліктің барлық түрлерінің қозғалысына енгізілген шектеу сақталып отыр.