Қазақстанның «үздік 100 мектебі» рейтингісіне 2011 жылы Астананың бірде-бір мектебі енбей қалды - вице-министр
ТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Бүгін Астанада өткен білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Серік Ырсалиев, елорда мектептерінің түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді жақсы тапсыратындығын, бірақ биыл астананың бірде-бір мектебі Қазақстанның «үздік 100 мектебі» рейтингісіне енбей қалғандығын мәлім етті.
Вице-министрдің айтуынша, Астана қаласында 1-6 жас аралығындағы балалардың 62,5 пайызы мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Орташа республикалық көрсеткіш - 43,6 пайыз.
«Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі», - дейді ол.
Онымен бірге, 14-21 жастағы жастардың жалпы санының 21 пайызға жуығы техникалық және кәсіби біліммен қамтылған. Елдегі орташа көрсеткіш - 16,6 пайыз. Орташа республикалық көрсеткіштермен алып қарағанда, елорда мектептерінің түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді жақсы тапсырады. Орташа балл - 88,1, орташа республикалық балл - 86,8. 179 түлектің 102-сі (56 пайызы) «Алтын белгіге» лайық екендігін дәлелдеді.
ҰБТ-дан алған ең жоғары балдар бойынша жасалатын Қазақстанның «үздік 100 мектебі» рейтингісіне тоқталған Ырсалиев: «Үздік 100 мектептің» қатарына Астана қаласынан 2009 жылы- 4, 2010 жылы - 1, ал 2011 жылы бірде-бір мектеп ене алған жоқ», - деп атап өтті.
Оның сөзіне қарағанда, Астанада жұмыс істейтін жоғары санатты мұғалімдердің саны орташа республикалық көрсеткіштен жоғары. Онымен бірге, астана ұстаздарының еңбек өтілі ең жоғары. Мысалға, еңбек өтілі 20 жылдан асатын педагогтардың саны республика бойынша 31,1 пайыз болса, елордада 40,5 пайызды құрайды.
«Бұл бір жағынан кадрлардың тұрақтылығын көрсетеді, басқа жағынан алып қарағанда Астананың білім беру саласына жастардың келуі мәселесінде сұрақтар туындатады», - деді ол.
«Жалпы алғанда, статистикалық мәліметтер елорда мектептерінің үздік позициясын көрсетеді», - деп түйіндеді С.Ырсалиев.