Қазақстанның үздік дәрігерлері марапатталды

АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада кәсіби мерекелері қарсаңында Қазақстанның үздік дәрігерлері марапатталды.

Қазақстанның үздік дәрігерлері марапатталды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өткізген байқау аясында «Үздік дәрігер», «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік мейірбике», «Үздік фельдшер» аталымдары бойынша республикалық байқаудың жеңімпаздары анықталды.  Қазақстанның «Үздік дәрігері» болып Алматыдағы №5 қалалық клиникалық ауруханасы балалар жақ және бет хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Серік Нұрмағанов атанды.

«Мен барлық дәрігерлерді медицина қызметкерлері күнімен құттықтаймын. Мен балалар жақ және бет-әлпеті хирургі болып қызмет істеймін. Біздерге ең қымбаты - еліміздің жасөспірімдері мен балаларына, яғни еліміздің болашағына қамқор болу. Балалар хирургі ең қиын мамандық болып есептеледі. Алайда біз аянбай қызмет етіп келеміз және қызмет ете бермекпіз», - дейді республиканың «Үздік дәрігері».

Серік Нұрмағанов республикада ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігінде бірегей операциялар жасайды. Еуропада ең үздік балалар хирургтардың бірі болып табылады. Аталмыш клиникада 28 жыл қызмет істейді. Қазақстандық дәрігер.

Салтанатты шара барысында елдің әр аймақтарынан келген ең үздік дәрігерлер, медициналық қызметкерлер мен денсаулық сақтау саласына үлес қосқан қоғамдық қайраткерлері «ҚР Денсаулық сақтау саласының ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін»  төсбелгілерімен марапатталып, құрметті грамоталармен, ҚР Үкіметінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен қала әкімдігінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерейтойлық кеш соңы Қазақстан эстрада жұлдыздарының концертімен аяқталды.