Қазақстанның үздік геологтары марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Геолог күніне орай салтанатты іс-шара өтіп, саланың үздік мамандары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев әлемде шикізат ресурстарын тұтыну мен өндірудің қарқынды өсуі жағдайында геологиядағы дамыту мен жаңғырту мәселелерінің өзектілігі артып отырғаннын атап өтті.

Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында ең үздік әлемдік тәжірибеге негізделген «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс бекітіліп, жер қойнауын пайдаланудың инвестициялық тартымдылығы бойынша Фрейзер институтының әлемдік рейтингісінде Қазақстан 49 позицияға, яғни 104 елдің ішінде 73-орыннан 24-орынға көтерілді.

Салтанатты жиын барысында атақты геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың ғылымға қосқан және саланы дамытудағы орасан зор еңбегі туралы атап өтілді. Айта кетейік, биыл ел аумағында Қаныш Имантайұлының 120 жылдығына орай халықаралық конференциялар ұйымдастырылып жатыр.

Атап айтқанда, өндіріс озаттары «Қазақстан Республикасы жер қойнауының құрметті барлаушысы», «Қазақстан Республикасы жер қойнауын барлаудың үздігі» атақтарына, ведомстволық марапаттарға, алғыс хаттарға, сондай-ақ грамоталарға ие болды.

Сонымен, бүгін «Қазақстан Республикасының құрметті жер қойнауын барлаушы» атағымен «E&P PetroConsulting» ЖШС бас директоры Ж. Аристамбаев, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ Тау-кен департаментінің директоры В. Бармасов, «Қазгеология» АҚ I санатты гидрогеологы Ғ. Жармұхамбетова, «NovaЦинк» ЖШС бас геологы А. Жүсіпов марапатталды.

Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасы Жер қойнауын барлаудың үздігі» төс белгісі Қ. Сәтбаев атындағы Геология және жер қойнауын пайдалану институты кафедрасының меңгерушісі А. Бекботаеваға, «Қазгеология» АҚ жетекші геологы А. Хамзинге табысталды.

Соңғы жаңалықтар