Қазақстанның ветеринарлық қызметі Ресей мен Беларусьтың құзырлы органдарымен түйткілді мәселелерді талқылауға дайын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ветеринарлық қызметі Кеден одағының қағидаттары шеңберінде Ресей мен Беларусьтың құзырлы органдарымен проблемалы мәселелерді талқылауға дайын. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Қазақстанның ветеринарлық қызметі Ресей мен Беларусьтың құзырлы органдарымен түйткілді мәселелерді талқылауға дайын

Жақында Мәскеуде Қазақстан, Ресей мен Беларусь мемлекеттері ветеринарлық қызмет басшылары кездесіп, онда Кеден одағының кедендік аумағы бойынша бақыланатын өнімдердің заңсыз тасымалы мәселелері талқыланған болатын. Тараптар мал шаруашылығы өнімдерінің тасымалы мен заңсыз жеткізілімдердің көлеңкелі схемаларының құрылуының алғышарттары да сөз болған еді.

«Жалпы Қазақстанда бақыланатын өнімдердің жүк тасымалын есепке алу мен сараптау «Агроөнеркәсіп кешендегі бірыңғай ақпараттандырылған басқару жүйесі» арқылы жүзеге асады, ал бұл жүйе ресейлік «Аргус» ақпараттық жүйесімен интеграцияланған. Осыған байланысты «Россельхознадзордың» Қазақстанның ветеринарлық қызметі «Аргус» ақпараттық жүйесі барлық мүмкіндіктерді пайдаланбай отыр деген мәлімдемесі негізсіз. Мұнда әңгіме жауапсыз кәсіпкерлердің контрабандалыық жүктерінің заңсыз тасымалы жайында, яғни қандай да ілеспе құжаттарсыз тасымалданатын экономикалық қылмысқа парапар жүктер тасымалы туралы болып отыр», делінген баспасөз баянында. Өз кезегінде Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі заңды түрде рәсімделген жүктердің барлығы да «Аргус» жүйесінде көрініс табатынын алға тартады. «Осы ретте Мәскеудегі кездесу барысында Беларусь елінен Қазақстанның өткізу пункттері арқылы келетін бақыланатын өнімдердің транзитіне уақытша шектеу енгізу мәселесі талқыланбағанын атап өткен жөн. Өз кезегінде Қазақстанның ветеринарлық қызметі Кеден одағының негіз қалыптастырушы қағидаттары аясында Ресей мен Беларусь елінің құзырлы органдарымен проблемалық мәселелерді талқылауға дайын екенін мәлімдейді», делінген баспасөз баянында.