Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілдігінің кеңесшісі В.Толмачев Римдегі түрмелердің біріне жеткізілді, қазір ол психиатр дәрігерлердің қадағалауында -СІМ
АСТАНА. 10 мамыр. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілдігінің кеңесшісі Валерий Толмачев Римдегі түрмелердің біріне жеткізіліп, қазір ол психиатр дәрігерлердің қадағалауында. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, В.Толмачевқа қатысты кезекті сот отырысы осы аптада болуы керек. Сондай-ақ оған психотерапевт дәрігерлер қосымша тексеру жүргізулері тиіс. «Өткен аптада В.Толмачев түрме дәрігерлерінің ұсыныстары бойынша Римдегі түрмелердің біріне жеткізілді»,-деді А.Абдрахманов.
Естеріңізге сала кетейік, В.Толмачев осыған дейін «Париж-Рим» бағытында ұшып бара жатқан әуе көлігінің стюардессасын тырнақ егейтін құралмен қорқытып, ұшақтың Ливияға ұшуын талап еткен. Осы оқиғадан соң оны Италия мемлекетінің полицейлері тұтқынға алған болатын.