14:41, 25 Мамыр 2013 | GMT +5
Қазақстанның жағажай волейболшылары «Гранд Слэм» Әлемдік турының Аргентинадағы кезеңіне қатысуда
АЛМАТЫ. 25 мамыр. ҚазАқпарат - Аргентинаның Корринтес қаласында жағажай волейболынан «Гранд Слэм» Әлемдік турының «Corrientes Grand Slam» кезеңдік жарысы өтіп жатыр.

22 мамырда басталған бұл сайысқа қазақстандық жағажай волейболшылары ерлер мен әйелдер арасында бір-бір командамен ғана қатысты.
«В» тобында Швеция мен Австралия спортшыларын ұтып, АҚШ спортшыларына жеңілген Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова жұбы қазір 2-ші орында келеді. Олар енді топтық сындағы соңғы ойынын аргентиналықтармен өткізуде.
Ал «F» тобында бақ сынаған Алексей Кулешов пен Дмитрий Яковлев жұбы болса бұған дейінгі 2 ойында Польша мен Голландия спортшыларынан жеңіліс тапты. Енді қоржынында 2 ұпайы бар Қазақстан мен Латвия командалары өзара шеберлік байқаспақ. Егер бұл сыннан сүрінбей өтсе олар 26 мамыр күні аяқталатын аталмыш жарыстың негізгі кезеңінде өнер көрсетуге мүмкіндік алады.