07:37, 27 Мамыр 2013 | GMT +5
Қазақстанның жағажай волейболшылары рейтингтік қоржынын 320 ұпайға толықтырды - «Гранд Слам» әлемдік туры
АЛМАТЫ. 27 мамыр. ҚазАқпарат - Аргентинаның Корриентес қаласында 22-26 мамыр күндері жағажай волейболынан "Гранд Слам" әлемдік турының кезеңдік «Corrientes Grand Slam» жарысы өтті.

Бұл бәсекеде ел намысын Алексей Кулешов пен Дмитрий Яковлев, Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова жұптары қорғады.
Дәрежелік сайыстан сәтті өтіп, топтық сында екінші орын алған Татьяна мен Ирина 1/16 финалға дейін жетті. Негізгі турдың 1-раундында австриялықтарға есе жіберген олар 17-орынға табан тіреп, рейтингтік қоржынын 320 ұпайға толықтырды. Ал топтық сындағы 3 ойында да қарсыластарына ұтылып, 25-орынды қанағат тұтқанына қарамастан Алексей мен Дмитрий де 320 ұпайға ие болды. Енді қазақстандықтар 1-6 шілде күндері Польшада өтетін әлем чемпионатына берілетін жолдамаға ие болу үшін "Гранд Слам" әлемдік турының 11-16 маусымда Голландияда және 18-23 маусымда Италияда болатын кезеңдік жарысында ұпай қоржынын одан ары молайтуы тиіс.