Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі сауданың үлесі алдағы жылы да төмендеуі мүмкін
Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан Қазақстанның сауда кәсіпорындарының І конгресінде талқыланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз бүгінгі құраммен алғаш рет жиналып отырмыз. Бүгінгі конгрестің пішіні әдеттегідей емес. Оның идеясын Үкімет басшысы ұсынып отыр. Елімізге Қырғызстан Республикасының Премьер-Министрі келуіне орай Астанада Министрлер кеңесінің мәжілісі өтіп жатқандықтан, бұл шараға Кәрім Мәсімов бейне конференция арқылы қатыспақ», дейді Қазақстан кәсіпкерлер форумы кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов. Онда Zertteu DC Group-тың зерттеулер жөніндегі директоры Марат Қайырленов «Сауданы дамытудың 2009-2010 жылдардағы макроэкономикалық перспективалары» туралы өз таныстырылымын жасады. Оның айтуынша, 2010 жылы сауданы дамытудағы негізгі факторлар - қаржыландыру жағдайының нашарлауы, жоғары қарыз жүктемесі, халық кірісінің қысқаруы болмақ. Өйткені кәсіпорындардың айналым қаржысы төмендеп, екінші деңгейлі банктердің несие қоржынының сапасы нашарлап, сауданы қаржыландыру мәселесі де шешілмеуде. 8 айдың қорытындысына қарағанда, халықтың сұранысы ағымдағы жылы 25-30 пайызға немесе 4-5 миллиард долларға азаюы мүмкін. 2010 жылы 2008 жылдың деңгейіне жету үшін қосымша 1,8 -2,8 миллиард доллар қажет. Тұтыну нарығын дамыту үшін бюджеттік қызметкерлердің жалақысын ұлғайту шілдеде емес, қаңтар айынан басталатын болса нарыққа 0,3 миллиард доллар түсіп, төмендеп бара жатқан халық сұранысын жан-жақты қолдауға мүмкіндік береді.