«Қазақстанның жаңа дәуірінің алғашқы күні» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 1 желтоқсан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Бүгін Тұңғыш Президент күні.  Бұл тарихи таңдау күні, барлық қазақстандықтардың Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтасу күні.  Осы ретте ел газеті «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның жаңа дәуірінің алғашқы күні» деген тақырыппен көлемді мақаласы басылды. «Жеке мен үшін іс жүзінде сонау ырғақты кезеңнің әрбір күні ұмытылмақ емес. Біздің халқымызды ұзақ күткен бостандыққа әр қадам сайын жақындатқан сол бір күрделі оқиғалар туралы естеліктер өшірілместей менің жадымда. Дегенмен, біздің Тәуелсіздік жолындағы шежіреде Қазақстан халқы сол бір тағдыршешті кезеңде жүріп өткен үш шешуші тарихи белесті мен айрықша маңызды және елеулі деп есептеймін», - деп жазады Елбасы.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесінің қарсаңында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының бір топ әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерінің ант беру рәсімі өтті. Ант қабылдау салтанатына Мәжіліс Аппаратының 22 мемлекеттік қызметкері қатысты. Салтанатты рәсім соңында ант қабылдаған жас мемлекеттік қызметкерлер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жасап жатқан қамқорлығына ризашылықтарын білдіріп, білікті, адал істерімен еліміздің өсіп-өр­кендеуіне бар күш-жігерлерін жұмсайтындықтарын жеткізді

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевпен арадағы шағын сұхбат "Әлемге әйгілі саясаткер туралы жазамын»  деген тақырыппен берілген. Тұңғыш Президент күніне орай алынған сұхбат барысында ол Мемлекет басшысына саясаткер ретінде емес, адам ретінде сипаттама бере келіп: «Күрделі және әртүрлі: ақылды, мейірімді, мұқият, әркез білуге құмар, жұмыс істеу қабілеті ғажап. Кей кездері қатаң және тіпті қатал, бірақ ашуы тез тарқайды. Мені ең алдымен оның орасан зор еңбексүйгіштігі және үнемі білуге деген құлшынысы таңғалдырады: ол әрдайым өзімен жұмыс істейді», - депті. Сонымен қатар Е.Ертісбаев Президенттің өз атын мәгілікке қалдыру үшін тасқа немесе қолаға қашаудың бастамашысы еместігін анық білетіндігін баса айтқан.

Қазақ еліне тұңғыш рет Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі әрі Еурокомиссияның вице-президенті Кэтрин Эштон келді. Кеше баронессаны өз Ақордасында Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Елбасымен жеке жүздесуден шыққан Кэтрин Эштон ақпарат құралдары өкілдеріне Еуроодақтың Қазақстанмен еш керіспей, қайта әр істе тек келісімге келуге, әріптестікті және ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және дамытуға мүдделі екендігін мәлімдеді. Бұл жайында «Айқын» газетінің сенбілік санындағы «Кэтрин келіп кетті» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. К.Эштон Қазақстан Президентімен әңгімесінде, әсіресе, экономикалық және сауда-саттық қарым-қатынастарға негізгі көңіл бөлінгендігін айтты. «Бұған таңдануға болмайды: біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жолындағы келіссөздер үдерісінде Қазақстанды толықтай қолдап отырмыз!» депті ол.

***

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Шелл» концернінің бас атқарушы директоры Питер Возерді қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Кездесуде Қазақстан мен компанияның еліміздің мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығының келешегі талқыланды. Мемлекет басшысы «Шелл» компаниясы республиканың мұнай-газ саласындағы ерекше мәні бар инвесторының бірі екенін атап өтті. «Концерн бірқатар мұнай-газ кен орындарына, оның ішінде Қашаған тәрізді ірі кен орнына зерттеу жүргізуде Қазақстанның маңызды серіктесі болып саналады. Біз осы кен орындарын одан әрі зерттеу мәселесін және компанияның біздің еліміздегі жұмысының келешегін талқылауға тиіспіз», - деді Н.Назарбаев.

Ал П.Возер кездесу үшін алғысын айтты және бұл оның Қазақстан астанасына алғашқы сапары екенін атап өтті. «Бүгінде біздің компания Қазақстанда жемісті жұмыс істеп жатыр. Біз өзара тиімді ынтымақтастығымыз одан әрі жалғасын табады деп үміттенеміз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар