Қазақстанның жаңа Мәдениет саясатының тұжырымдамасы - Мәңгілік Ел идеясына негізделеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның жаңа Мәдениет саясатының тұжырымдамасы - Мәңгілік Ел идеясына негізделмек. Бұл туралы Парламент Сенатында Қазақстан Республикасындағы жаңа Мәдениет саясатының тұжырымдама жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстелде ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.
Министрдің айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес, жаңа тұжырымдама жобасының негізінде ҚР Президентінің Жарлығы ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне таман қабылданбақ. Осыған орай, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасында жаңа мәдениет тұжырымдамасын талқылау кеңінен жүзеге асып жатыр.
«Біздің мақсатымыз - шығармашылығы мен мәдениеті жоғары дамыған отыз елдің қатарынан көріну. Ал тұжырымдама жобасы басты үш бөліктен тұрады және олар 2015-2019 жылдарға, екінші кезең - 2020-2030, үшінші кезең 2030-2050 жылға дейін бөлініп отыр», - дейді министр.
Оның айтуынша, мәдениет тұжырымдамасына сәйкес, жалпы қазақстандықтардың мәдениетке қатысты саналы қатынасын өзгерту көзделеді. «Бұл ретте мәдениет думан-сауық бағыт қана емес, рухани өсімнің, қоғамның идеологиялық дамуының өзегі ретінде қаралып отыр. Мәдениет - мемлекет құрылымының негізі. Екіншіден, тұжырымдамада заманауи мәдени кластерлерді дамыту қарастырылған. Бұл ретте біз мәдениет саласында бірегей бәсекеге қабілетті өнімді шығаруға тиіспіз. Шындығында, мәдени кластер - экономиканың шығармашылық секторы, ол түрлі бағыттарды біріктіре алады. Үшіншіден, біздің өміріміздегі орын алып жатқан оқиғаларды шығармашылық нәрмен ұштастырып, қоғамға етене ету жайттары қамтылады», - дейді А. Мұхамедиұлы.