Қазақстанның жаңа Салық кодексі идеологиясымен ерекшеленеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның жаңа Салық кодексі идеологиясымен ерекшеленеді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Жаңа салық кодексіндегі салық саясаты» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаңа Салық кодексі қолданыстағыдан мүлдем басқа құрылымымен, жаңа идеологиясымен ерекшеленеді, ал оның мазмұны жеңіл болады. Онда көлеңкелі экономика бойынша шаралар көрініс табады, бірқатар жеңілдіктер жүйеленеді, ал жер қойнауын пайдалану ынталандырылады. Бұдан басқа, шағын және орта бизнес және агроөнеркісіп кешені субъектілері үшін бірқатар шарттар жеңілдетіледі және қосымша режим ұсынылады. Әкімшілендіру қарапайым болады және ынталандыруға тірек жасалынатын болады. Жаңа Салық кодексінің негізгі ерекшеліктері осындай», - деді ол.
Оның айтуынша, идеология адал салық төлеушінің мүдделерін қорғауға бағытталатын болады.
«Біріншіден, барлық түсініксіздіктер мен дәлсіздіктер салық төлеушіге түсіндірілетін болады. Аталған қағида салық дауларын әділ қарауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күнгі жүйе салық заңнамасында олқылықтар болған кезде салық органдары салық төлеушінің шын мәнінде дұрыс ұстанымын қабылдамайтындай болып құрылған. Екіншіден, егер салық төлеуші салық органының түсіндірмесіне сәйкес әрекет еткен болса айыппұлдар мен өсімпұлдарды қолданбау ұсынылады. Үшіншіден, қайта есептеулердің негізділігіне талаптар күшейтіледі. Енді салық тексерістерінің актілерінде тиісті негіздемелер болуы тиіс. Төртіншіден, заңнаманың өзгерістерін зерделеу үшін бизнеске көбірек уақыт берілетін болады. Түзетулерді 1 шілдеден кешіктірмей қабылдау ұсынылады. Бесіншіден, жыл ішіндегі көптеген түзетулерден қорғаныс пайда болады. Барлық туындаған түзетулерді біріктіріп бір заң жобасымен енгізу ұсынылып отыр. Бұл бизнеске Салық кодексінің барлық өзгерістері туралы хабардар болуға мүмкіндік береді», - деді Руслан Дәленов.