Қазақстанның жас кәсібилер қоғамы жастарға арнап құқық қорғау тренингтерін өткізді
АЛМАТЫ. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – «Қазақстанның жас кәсібилер қоғамы» (ҚЖКҚ) республикалық қоғамдық бірлестігінің мамандары Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының жастары арасында азаматтық белсенділікті дамыту бойынша тренингтер ұйымдастырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш ұйымға сілтеме жасап. Тренингтер Еуропалық Комиссия қаржыландыратын «Жоғары білім сапасына қатысты шешімдер қабылдау үрдісіне қатысатын Қазақстан жастарының әлеуетін көтеру» жобасының аясында ұйымдастырылды. Аталған жобаның мақсаты жастардың әлеуметтік жағдайларын шешімдер қабылдау үрдісінде жастардың өз құқықтарын қорғай білуге және мемлекеттік емес ұйымдар арқылы жастар әрекетін заңдастыратын құқықтық базаны құру үшін іс-қимылдарды біріктіруге оқыту болып табылады.Тренингтерге жастар, студенттік ұйымдарының 100 шақты өкілі, сондай-ақ Қызылорда, Шымкент және Тараз қалаларының белсенді жас азаматтары қатысты. Онда «Қазақстандағы қоғамдық-саяси ахуал», «Елдің қоғамдық-саяси жүйесін жетілдіру үрдістеріне жастардың қатысуы» тақырыптары талқыланды. Жастарға өзінің азаматтық құқығын қорғаудың нақты заманауи тетіктері ұсынылды. Осы шаралар нәтижесінде аталған аймақтарда жастарға құқықтық ақыл-кеңестер беретін бастамашыл топтар құрылды. Сонымен қатар, еліміздің оңтүстік облыстарының жоғары оқу орындарының студенттері арасында әлеуметтік сауалнамалар жүргізілді. Тренингтер кезінде арнайы сауалнамашы командалар құрылып, олардың көмегімен әлеуметтік зерттеулер жүргізілді. Бұл шараның қорытындысын ҚЖКҚ үстіміздегі жылдың мамыр-маусым айларында ресми жариялайтын болады.Алдағы айларда жас кәсібилер қоғамының өкілдері осындай сапарларды Қазақстанның басқа да өңірлеріне жасауды жоспарлап отыр.