Қазақстанның жас теннисшілері әлем чемпионатына іріктеу сайысында жеңіске жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогының (әлем чемпионаты) іріктеу сайысын жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның жас теннисшілері әлем чемпионатына іріктеу сайысында жеңіске жетті

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, қазақстандық жасөспірім қыздар бүгін D тобында Оңтүстік Корея командасымен шеберлік байқасты.

Алғашқы болып кортқа Асылжан Арыстанбекова шықты. Оның Ким Ё Юнмен кездесуі тартысты өрбіді. Бірінші партияда қазақстандық теннисші басымдылық танытты – 6:3. Екіншісінде брейк жасаған кореялық спортшы есе қайырды – 6:4. Үшінші, шешуші сетте ол еш мүмкіндік қалдырған жоқ – 6:0.

Екінші ойында Айя Нұпбай Сон Ха Юнды оңай жеңді – 6:1, 6:2.

Матч тағдыры жұптық сында шешілді. Мұнда А.Нұпбай Карина Жұмаджановамен бірге бір сағатқа жуық уақыт ішінде Сон Ха Юн мен Ким Ё Юнның меселін қайырды – 6:4, 6:1.

Ертең Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Вьетнам қыздарымен ойнайды. Вьетнамдықтар бүгін Сингапур құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қарсыластары анықталғанын, қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингіде жеке рекордтық нәтижеге қол жеткізгенін жазған болатынбыз.