Қазақстанның жас зілтеміршілері 2020 жылғы Олимпиадаға дайындалуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыр атлетика федерациясы Допингке қарсы орталықпен бірлесіп, 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарында еліміздің атынан өнер көрсетуі мүмкін жас спортшыларға семинар-тренинг өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне федерация баспасөз қызметінен мәлім етті.

Қазақстанның жас зілтеміршілері 2020 жылғы Олимпиадаға дайындалуда

«Допинг тек қана абыройды төгіп қана қоймай, спорттағы келеңсіздікке де бой алдыртады. Әділ әрі таза күрес қана жеңіске жету сәтінен ләззат алып, жарыстарға қатысуға мүмкіндік береді», - деді жас спортшыларға сөз арнаған ҚР Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Омар Мұстафин.

Семинар бар барысында мамандар жас спортшыларға әділ күрестің негізгі ұстанымдары мен допинг қауіпі жайында айтып берді. Айта кетерлігі, ендігі уақытта мұндай семинар ай сайын өткізілетін болады. Келесі шара наурыз айына жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы айларда шектеу қойылған препараттарды пайдаланды деген күдікпен жас зілтеміршілеріміз Игорь Сон мен Татьяна Капустина 2015 жылы өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының медалінен қағылған болатын. Дегенмен, еліміздің Ауыр атлетика федерациясының араласуымен олардың кінәсі жоқ екендігі дәлелденді. Спортшылар биологиялық белсенді қоспалардың орнына спортта шектеу қойылған субстанцияны пайдаланғандарын білмеген. Спортшылар қазіргі уақытта жаттығуларын жалғастырып, алдағы жарыстарға дайындық жүргізуде.

2015 жылғы ауыр атлетикадан әлем чемпионатында жүлдегер атанған спортшыларымызға қатысты тергеу амалдары жалғасуда. Есте болса, Алмас Өтешов, Жасұлан Қыдырбаев және Ермек Өміртай допингке қарсы ережені бұзды деген күдікпен халықаралық жарыстарға қатысу құқығынан уақытша шеттетілген еді. Американың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатынан кейін спортшылардан алынған «А» сынамасынан тыйым салынған андрогендік сероидтар табылған.

ҚР ауыр атлетика федерациясы допинг-тергеу нәтижелері таяу 2 айдың ішінде белгілі болатындығына үміт артуда.