Қазақстанның жастар құрамасы Болгария футболшыларынан 2:0 есебімен басым түсті

АЛМАТЫ. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Алматыдағы Орталық стадионда Қазақстанның 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы 2011 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі өз алаңында өткізген алғашқы кездесуінде болгариялық құрдастарынан 2:0 есебімен басым түсті,

Қазақстанның жастар құрамасы Болгария футболшыларынан 2:0 есебімен басым түсті
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Даниялық Томас Вельгард бастаған қазылар алқасының төрелігімен өткен бұл кездесуде қазақстандықтардың мерейі үстем болды. Қарсыластар қақпасына жиі қауіп төндірген алаң иелері қос допты да Марио Кирев қорғаған қақпаға екінші таймда енгізді. Алдымен ойынның 70-ші минутында Вячеслав Эрбестің бұрыштан берген добынан кейін Сабырхан Ыбыраев көзге түсті. Ал екінші допты ойынның ең соңғы минутында Вячеслав Эрбес 2:0-ге жеткізіп, Иван Колев жаттықтыратын Болгария құрамасын тізе бүктірді. Қарымта кездесу енді қыркүйектің 4-і күні Болгарияда өтеді. Сергей Гороховодацкийдің шәкірттері бұған дейінгі 2011 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы кездесуін наурыздың 31-інде сырт алаңда өткізген еді. Хайфа қаласында болған ойында Израиль құрамасымен 1:1 есебімен тең түскен болатын. Енді қазақстандықтар келесі ойынды маусымның 7-сі күні Алматыда Черногория футболшыларымен өткізбек.