Қазақстанның «жасыл» экономикаға өту жөніндегі стратегиясының жобасы 2013 жылы әзірленеді
Global Green Growth Institute (GGGI) және ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі былтыр Еуропа Қайта Жаңарту және Даму Банкімен жасалған келісімнің негізінде «Экологиялық дамудың қазақстандық жоспары» атты жоба бастаған. Ол Қазақстан Үкіметінің «жасыл» экономика бағытындағы жұмысына қолдау білдіруге арналған.
«Бөлек бір елдiң «жасыл» экономикаға өтуі өте қиын. Оған қолданыстағы экономикалық модельді реформалау және трансшекаралық мәселелерді шешу бойынша бірлескен іс-қимылдар қажет. Қазақстан «жасыл» экономикаға өтудің үлкен мүмкіндіктеріне және аса жоғары әлеуетке ие», - дейді Global Green Growth Institute жобаларының жетекшісі Шейрин Юн.
ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі «Жасыл» технологиялар және инвестицияларды тарту департаментінің бастығы Айнұр Соспанованың айтуынша, Қазақстанда «жасыл» экономикаға өту жөніндегі стратегиясының жобасы әзірленуде.
«Аталмыш семинар Қазақстан экономикасының үздіксіз дамуын және экологиялық тұрақтылығын қолдауға бағытталған. 2012 жылы ҚР Президенті Қазақстанның «жасыл» экономикаға өту жөніндегі стратегиясының жобасын әзірлеуді тапсырды. Әуелі бұл жоба ақпан айында жасалуы тиіс делінген болатын. Алайда сарапшылар бұл ұзақмерзімді, сапалы болуы үшін оған бұдан көп уақыт қажеттігін түсінді, сондықтан аталмыш жоба келесі жылдың орта тұсында пайда болып, Үкіметте, сонымен қатар ведомствоаралық деңгейде талқыланады. Премьер-Министрдің төрағалық етуімен арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған барлық мемлекеттік органдар, министрліктер, ҮЕҰ мен халықаралық сарапшылар тобы еніп отыр. Біз аталмыш құжаттың сапалы әрі жоғары мәртебеге ие болатынына сенеміз. Ол ұзақ мерзімге арналған және 2050 жылға дейінгі уақытты қамтымақ», - деп атап өтті ол.