Қазақстанның жеке сот орындаушылары өз қызметтері аумағынан тыс жұмыстарды атқармақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеке сот орындаушылары өздерінің қызметі аумағынан тысқары жұмыстарды атқаруға тырысуда.
Бұл туралы бүгін «Сот актілерінің заңнамалық орындалуын қамтамасыз ету. Жеке сот орындаушылары институтын одан ары дамыту» тақырыбындағы халықаралық конференцияда ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Нүрия Сисенова мәлім етті.
«Атқарушылық өндіріс туралы» Заңның 152-бабына сәйкес, облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалалары шегіндегі жеке сот орындаушыларының қызмет аумағы облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларының бүкіл территориясын қамтиды. Мәселен, Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «Южно-Гремяченское» ЖШС-нен 16 млн. 800 мыңге сомасындағы берешек өндіріліп алынды. 2015 жылдың 25 желтоқсанында жеке сот орындаушыларымен атқарушылық өндіріс қозғалды. Сотпен сот орындаушысына атқарушылық құжат ұсынылған сәтте борышкердің Батыс Қазақстан облысы аумағында ұйымы немесе мүлкінің бар екендігін қуаттайтын ешқандай құжат ұсынылмағандығы анықталды. Осыған қарамастан жеке сот орындаушысы атқарушылық өндірісті қозғаған. Бұл Заңның 152-бабы талаптарын бұзады», - деді Н.Сисенова.
Оның айтуынша, сот орындаушысы борышкердің Батыс Қазақстан облысы аумағында мүлкінің жоқ екендігін біле тұра, қасақана атқарушылық өндірісті қозғаған. Анықталған заң бұзушылыққа байланысты сот жеке сот орындаушысына қатысты сот анықтамасын енгізді.
Судьяның түсіндіруінше, Заңның 52-бабына сәйкес, атқарушылық іс-қимыл сот орындаушысы тарабынан борышкердің тұрғылықты мекен жайы немесе жұмыс орны, не болмаса оның мүлкінің орналасқан жері бойынша жүргізіледі.