Қазақстанның жетістігі тек мұнаймен байланысты емес - Бақытжан Темірболат
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Көпшілік Қазақстанның жетістігін мұнаймен байланыстырады. Алайда, шикізат мемлекеттің гүлденуінің негізі емес, оған басшылық ете білу маңызды. Бұл туралы ҚР Президенті кеңсесі басшысының орынбасары Бақытжан Темірболат айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бақытжан Темірболат мұндай пікірді бүгін Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Назарбаев моделі» ғылыми конференциясында айтты. Ғылыми конференция ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі білім беру және мәдени-ағартушылық көрме жобасы аясында ұйымдастырылды.
Жиында басты баяндама жасаған саяси ғылымдарының кандидаты Бақытжан Темірболат тәуелсіз Қазақстандағы «Назарбаев моделінің» негізгі ерекшеліктеріне тоқталды.
«Бүгінгі сарапшылар Қазақстанның даму моделін «Назарбаев моделі» деп айтады. Бұл кездейсоқ жасалған қорытынды емес. Себебі бүгінгі Қазақстанның даму жолындағы бағыттар Елбасының стратегиялық көзқарасы мен концептуалды шешімдері арқасында жүзеге асып отыр. Мысалы, ядролық қарудан бас тарту, «Қазақстан 2030» стратегиялық жобасын әзірлеу, астананы ауыстыру, сыртқы саясаттағы көп векторлы бағыт ұстанымдарын қалыптастыру, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы сынды тағдыршешті шешімдерді айтуға болады», - деді ол.
Сондай-ақ, Бақытжан Темірболат Қазақстанның қазіргі тәжірибесін ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында сәтті модернизациялық жобаларымен әлем назарын аудартқан Оңтүстік Корея, Сингапур, Гонконг, Малайзия сынды елдермен салыстыруға болатынын айтты.
«Аталған әр мемлекеттің сәттілік формуласы да әртүрлі. Мысалы, Қазақстанның жетістігін тек мұнаймен байланыстырушылар бар. Ол дұрыс емес. Мәселен, Венесуэлла - мұнайдың ең көп қоры бар мемлекет. Бұл мемлекет әлемдегі мұнай қорының 17,5 пайызына иелік етеді. Ал, салыстырмалы түрде айтса, Қазақстанда әлемдік мұнай қорының 1,80 пайызы ғана бар. Ал, жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингі бойынша 2017 жылы Венесуэлла 137 елдің ішінде 127-орында тұр. Логика бойынша, егер елдің гүлденуі шикізатқа байланысты болса Венесуэлла бұл тізімде көш бастап тұруы керек еді. Сол сияқты, Нигерия. Әлемдік мұнай қорының 2,20 пайызын иеленіп отырған ел аталған рейтингте 125 орында қалған. Байқап отырғаныңыздай, шикізат байлағы елдің гүлденуінің бірден бір кепілі емес. Байлыққа иелік ете білу бар да, оның дұрыс басқара білу бар. Президент Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ, Қазақстанды жаңғырту жолын айқын көре білді. Осы жылдар ішінде елдің дамуы Президенттің бағыт-бағдарымен жүрді. Назарбаевтың басқаруы стратегиялық әдіске сүйенген. Идеядан әрекетке, әрекеттен нәтижеге дейін. «Назарбаев моделі» прагматикалық тәуекелге негізделген», - деді Бақытжан Темірболат.
Бақытжан Темірболат қазақ тілінің латын әліпбиіне ауысуы мәдени жаңғырудың жаңа жолы болатынын айтты.
«Биыл біз Рухани жаңғыру жобасын жүзеге асыруды қолға алдық. Оның алғашқы қадамдарының бірі - қазақ тілінің латын әліпбиіне ауысуы. Бұл қазақстанның мәдени жаңғыруында жаңа жол болады», - деді ол.
Бүгінгі конференция аясында М.Қасымбаеков, Б.Темірболат, Т.Шаймергенов құрастырған «Назарбаев моделі» кітабының тұсауы кесілді. Сонымен қатар, «Әлем таныған Көшбасшы» кітап көрмесі ашылды. Онда Н.Назарбаевтың әлемнің бірнеше тілінде жарық көрген кітаптары қойылды.
Еске сала кетейік, Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі жобасы ҚР Тұңғыш президенті күні және Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Алматыда көшпелі қор көрмесімен ашылған болатын. Онда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке архиві, жеке кітапханасы және Музей қорының жәдігерлері қойылған. Көрме ҚР Орталық мемлекеттік мұражайында 2018 жылдың 14 қаңтарына дейін ашық болады. Сонымен қатар, аталған жоба аясында 10-16 қараша күндері халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинар-тренингтер өткізілді.