Қазақстанның Жоғарғы Соты сайлау құқықтарын қорғайтын заң жобасын әзірлеуде
Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында «Қазіргі заманғы парламентаризм: қалыптасуы, дамуы және заң шығару процесінде билік тармақтары арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру» тақырыбында өткен халықаралық конференцияда мәлім болды.
ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Бектас Бекназаровтың айтуынша, сот билігі алдағы уақытта да Парламентпен бірлесіп қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларын дамытуға қажетті заңдардың дайындалуына, қабылдануына қатысуды жоспарлайды. Мәселен, Үкіметтің 2013 жылғы заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес, Жоғарғы Сот төрт заң жобасын дайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Атап айтсақ, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленуде. Онда сайлау құқықтарын қорғау туралы істерге қатысты сот шешімдеріне аппелляциялық тәртіппен шағымдану институтын енгізу мәселесі қарастырылады. Бұдан бөлек осы санаттағы істердің мерзімдерін сәйкестендіру нормалары ескеріледі. Бұнымен қоса, заң жобасы сайлау құқықтарын қорғау туралы арыз берген талапкерлерді мемлекеттік баж салығынан босату мәселесін де қамтитын болады», - деді Б. Бекназаров.
Төрағаның айтуына қарағанда, алдағы уақытта «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да Парламентке ұсынылады. Онда судьялық лауазымға кандидаттарды іріктеу конкурсы рәсімін жетілдіру көзделеді.