Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан оралман қазақтардың І құрылтайы өтті
АНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Гүлнәр Жандағұлова/ - Жұма күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің әлеуметтік ғылымдар факультетінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан оралман қазақтардың І құрылтайы өтті.
Құрылтайды өткізу туралы бастаманы университет басшылығы көтерді. Университет ректоры Бақытжан Әбдрайымовтың жетекшілігімен былтыр оралмандармен жұмыс жөніндегі кеңес құрылған болатын. Құрамына көрнекті ғалымдар мен қоғам қайраткерлері кірген ол кеңеске әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Зиябек Қабылдинов жетекшілік етеді. Кеңес аясында оралман студенттерге әлеуметтік көмек көрсетілуде.
«Университет қабырғасында 500-дей оралман студент оқиды. Жыл сайын әлемнің түрлі елдерінен жүзге жуық студент түседі. Әдетте олар Қытай, Моңғолия және Ресей елдерінен келген балалар. Биыл бізге оқуға 200 оралман студент түсті»,- дейді Еуразия Ұлттық университетінің тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Лаура Есмұхан.
Ұйымдастырушылар атап көрсеткендей, студенттердің бастарындағы барлық проблемалар бүгінгі жиында талқыланады.
Шара «Оралмандардың «Асар» республикалық одағы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп өткізілуде.