Қазақстанның жоғары оқу орындарында жарты миллионнан астам студент білім алуда
АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2011-2012 оқу жылындағы Қазақстандағы жоғары оқу орындарының статистикасы шығарылды.
ҚР Статистика агенттігінің мәліметіне қарағанда, 2011/2012 оқу жылының басында Қазақстан Республикасында 146 жоғары оқу орны (бұдан әрі - ЖОО) жұмыс істеді, ондағы студенттердің жалпы саны 629 507 адамды құрады. ЖОО-ның жалпы санының 53-і мемлекеттік болып табылады, оларда 311 333 адам білім алады немесе барлық ЖОО түрлерінде оқитындардың - 49,5 пайызы. Студенттердің жалпы санының 58,2 пайызын - қыздар, 41,8 пайызын - жігіттер құрайды.
Мемлекеттік білім гранттарының есебінен 134 036 адам оқиды немесе студенттердің жалпы санының - 21,3 пайызы. Мемлекеттік білім тапсырысының есебінен 11 181 адам (1,8 пайызы), ал ақылы негізде - 484 290 адам (76,9 пайызы) білім алады.
360 894 студент (57,3 пайызы) оқытудың күндізгі түрі бойынша тәлім алады, 259 531 адам немесе 41,2 пайызы - сырттай, 9 082-сі (1,4 пайызы) - кешкі түрі бойынша оқиды.
Мемлекеттік тілде оқитын студенттердің саны 342 593 адамды (54,4 пайызы) құрады. ЖОО-да оқыту қазақ тілінде оқытумен қатар орыс, ағылшын, араб және неміс тілдерінде жүргізіледі.
2011/2012 оқу жылының басына республиканың ЖОО-да 85-тен астам ұлт өкілдері оқыды. Ондағы қазақтардың үлес салмағы 78,3 пайызды, орыстар - 14,6 пайызды құрады, өзбектер, украиндар, татарлардың саны 0,8-1,5 пайыз аралығында, аталмаған өзге ұлттар - 3,8 пайыз болды.
Аталған оқу жылында оқытуға және дайындауға 197 228 студент қабылданды, бұл 2010/2011 оқу жылына қарағанда 4 329 адамға немесе 2,2 пайызға артық.
2011/2012 оқу жылында ЖОО-ларды 160 934 маман бітіріп шықпақ. Бұл 2010/2011 оқу жылымен (161 964 адам) салыстырғанда 0,6 пайызға кем. Бакалаврлардың саны 597 040 адамды, жоғары арнайы білім алып жатқандардың саны 31 494 азаматты құрайды.
Республиканың ЖОО-да оқитын студенттердің жалпы санында едәуір үлес салмақ келесі мамандықтарға тиесілі: әлеуметтік ғылымдар және бизнес - 24,7 пайыз, педагогикалық мамандықтар - 23 пайыз, техникалық ғылымдар мен технологиялар - 20,4 пайыз.
Штатта тұратын профессорлық-оқытушылық құрамның саны 40 531 адам, қоса атқарушылық қызмет бойынша 6 322 оқытушы жұмыс істейді. Профессор-оқытушы қызметкерлердің 9 пайызы ғылым докторы, 36,3 пайызы - ғылым кандидаты, 6,6 пайызы - профессор және 17,8 пайызында - доцент ғылыми дәрежесі бар. Магистрдің академиялық дәрежесі бар оқытушылардың саны 6 057 адам немесе (14,9 пайызы), философия докторы (PhD) - 473 адам немесе 1,2 пайызға жетіп отыр.
Жоғары оқу орындарының барлық ғимараттарының жалпы ауданы 5 039,3 мың шаршы метрді, ал оқу-зертханалық ғимараттардың жалпы ауданы - 2 877,9 мың шаршы метрді құрайды.