«Қазақстанның зияткерлік меншігі» журналының мерейтойлық нөмірі жарық көрді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасында «Қазақстанның зияткерлік меншігі» журналының мерейтойлық нөмірінің тұсаукесер рәсімі өтті.

«Қазақстанның зияткерлік меншігі» журналының мерейтойлық нөмірі жарық көрді  (ФОТО)

«Биыл журналымыздың ең бірінші нөмірі шыққанына 10 жыл толып отыр. Бүгінде оның өзіндік оқырмандары бар, олар ғалымдар, өнертапқыштар және зияткерлік меншікке бей-жай қарамайтын барша қауым деп айтуға болады. Журналда еліміздегі ЗМ (зияткерлік меншік) саласындағы заңнамаларға арналған бірнеше айдарлар бар, авторлық құқық, өнеркәсіптік меншік құқығы туралы маңызды мәселелер көтеріледі. Сонымен қатар, бұл басылым оқырмандарды жаңа өнертабыстармен, жаңа жобалармен таныстырады. Жылдан жылға журналдың мазмұны мен мәні, форматы мен дизайны өзгеріп, дамып келеді», - деп атап өтті «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК директорының орынбасары Сәуле Жүсіпбекова.

Оның айтуынша, журнал беттерінен кез келген адам зияткерлік меншік нысандарын қорғау жөнінде жан-жақты мәліметтер мен тегін консультациялар ала алады. Осы артықшылығы да бұл басылымды тек өнертапқыштар мен ғалымдар арасында ғана емес, жалпы оқырман үшін де қызықты ете түседі.

Айта кетейік, ҚЗМ журналы 2015 жылдың 1 қантарынан бастап «Қазпошта» АҚ арқылы таратылатын мерзімді басылымдардың жазылу каталогына енгізілді.