Қазақстанымыздың берекесі - тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президентінде - БҚО әкімі

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңір жұртшылығын Президент күнімен құттықтады.

Қазақстанымыздың берекесі - тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президентінде - БҚО әкімі

«Құрметті батысқазақстандықтар!»

Сіздерді Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - тарихтың сын сағаты соққанда туған халқы­ның көреген көшбасшысы, жарқын істердің жасампаз тұлғасы.

Бүгінде сан салалы дамуымыздың өрлеуіне басшылық етіп, Қазақстанның беделін бүкіл әлемге танытып, болашағымызды жарқын етіп, ұлтымыздың шын мәніндегі кемеңгер қайраткеріне ай­нал­ды.

Елбасымыз ұлтының үмітін ақтап, елді ел қылды, дербес, егеменді Қазақстан мемлекетінің негізін қалады, іргелі мемлекет құрды.

Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу, Астананы Алатаудан Арқаға ауыстыру, еліміздің ұлттық қорын жасақтау және «Қазақстан - 2030» стратегиясын құру - Кеңес Одағы ыдырап, сол сәтте жан бағудың өзі мұң боп тұрған кезде, Қазақстан Президенті осындай батыл бастамаларды қолға алды. Бүгінде еліміз өз мемлекеттілігін біржолата бекітіп, дамудың қазақстандық үлгісін қалыптастырды. Осы кезеңде ғасырға бергісіз жолдан өтті, ауқымы жағынан орасан табыс­тарға қол жеткізді.

Қазіргі таңда еліміз дамыған елдер қатарына ұмтылып, әлемде бірінші болып ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, бейбітшілік жолына батыл қадам басты.

Алда Астана қаласында әлем көз тіккен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу міндеті тұр.

Ағымдағы жылдың қараша айында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жолдады. Жаһандағы болып жатқан қаржы-экономикалық дағдарыстың елімізге салқыны тимей қоймайтыны анық. Осы дағдарысқа қарсы тұру, оны еңсеру мақсатында жұртшылыққа жол тартқан Жолдауда алдағы уақытта атқарылар нақты тапсырмалар айтылды.

Халқымызда: «Бір үйде неше жан болса да, берекесі біреуінде болады» деген сөз бар. Олай болса, Қазақстанымыздың берекесі - тәуелсіз еліміздің алғашқы Президентінде.

Баршаңызды айтулы мерекемен тағы бір мәрте құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілей отырып, Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында жемісті еңбек ете берулеріңізге шын жүректен тілектеспін», делінген аймақ басшысының құттықтауында.