Қазақтар мен көшпелілер шекараны қалай қорғаған
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Көшпелі халықтарда бүгінгідей шекара бекеттері де, бақылау мұнаралары да болған жоқ. Соған қарамастан сақтар, ғұндар және қазақтар ғасырлар бойы ұлан-ғайыр даласын сақтап қала алды. Бұл қандай жүйе еді және қазақ жерінің шекарасы қалай анықталды?
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ассистент-профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Еділ Нояновтың айтуынша, қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған ежелгі және ортағасырлық мемлекеттердегі шекара мәселесін түсіну үшін сақ дәуірінен бастау қажет.
Сақтар жауды шекарада емес, ел ішінде тоқтатқан
Тарихшының сөзінше, кейін қазақ халқының қалыптасуына үлес қосқан этностар қазіргі Қазақстан аумағынан әлдеқайда кең кеңістікте өмір сүрген. Сондықтан олардың шекараға деген көзқарасы отырықшы мемлекеттерден ерекшеленді.
Бұл ерекшелік Геродоттың «Тарих» еңбегінде сипатталған парсы патшасы І Дарийдің скифтерге қарсы жорығынан анық көрінеді.
Скифтер парсы әскеріне қарсы соғыс мәселесінде екіге бөлінеді. Гелон, будин және сармат тайпалары соғысу туралы шешім қабылдаса, қалған үш тайпа ашық шайқасқа қатысудан бас тартады. Соғысуға бел буған тайпалар өз кезегінде бейтарап тайпалардың жері арқылы шегіне отырып, құдықтардың көзін жауып, жау әскері пайдалануы мүмкін шөпті өртеп отырған.
Еділ Нояновтың айтуынша, бұл кездейсоқ әрекет емес, алдын ала ойластырылған әскери стратегия болған.
– Осы уақытқа дейін Лидияны, Ассирияны, Египетті және Вавилонды бағындырған Парсы империясы көшпелілерді де өзіне қаратуға тырысты. Алайда скифтердің әскери тактикасы мүлдем бөлек еді. Олар халқын да, малын да ішкері көшіріп, жауды елдің тереңіне қарай жетеледі. Жол бойындағы су көздерін жауып, жылқыға азық болатын шөпті өртеп отырды. Негізгі мақсатқарсыластың күшін әлсірету болатын. Парсылар үшін мұндай соғыс тәсілі түсініксіз болды, - дейді тарихшы.
Дарий жорықтың созылып кеткенін көріп, скиф патшасы Иданфирске арнайы елші жібереді.
– Дарий Иданфирске «Ақымақ! Неге үнемі қаша бересің? Күшіңе сенсең, шайқасқа шық. Әлсіз болсаң, жерің мен суыңды сыйға тартып, келісімге кел» деген мазмұнда хабар жібереді. Бірақ Иданфирс «Мен бұрын да, қазір де қорыққаннан қашқан емеспін. Менің елімде сен қиратып кететін қалалар немесе атыңның тұяғы таптап өтетін егіс алқаптары жоқ» дейді. Бұл көшпелілер үшін басты мәселе қаланы қорғау емес, халық пен жерді сақтау болғанын көрсетеді, - дейді Еділ Ноянов.
Ақырында парсы әскері скифтерді толық бағындыра алмай, өз жеріне шегінуге мәжбүр болады.
Томирис пен Кир: көшпелілердің қорғаныс тәсілі
Сақтар тарихындағы шекара мен жер қорғау мәселесі әйгілі Томирис пен парсы патшасы Кир арасындағы соғыста да байқалады.
Геродоттың дерегінше, Кир Сырдарияға көпір салдырып, массагеттер жеріне өтеді. Алғашында массагеттердің шегінуін жеңіс ретінде қабылдағанымен, кейін Томирис басқарған әскердің жойқын шабуылына тап болады.
– Томирис басқарған әскер кейін қарсы шабуылға шығып, парсыларды талқандайды. Соңында Кирдің өзі қаза табады, - дейді тарихшы.
Ғұндар шекараны қалай күзетті
Ұқсас әскери тактика көне ғұндарда да болған.
Қытайдың «Ханьшу» («Хан әулеті») жылнамасында көшпелілермен соғыс жүргізудің қиындығы бірнеше рет айтылады. Қытай әскерлері ғұндардың шегіне отырып шайқасуын түсіне алмаған.
– Жылнамаларда «тағылар аттарын кері бұрып қашуды өзіне намыс көрмейді» деген мазмұндағы сипаттамалар кездеседі. Шын мәнінде, бұл қорқақтық емес, әскери айла болатын. Ғұндар қарсыласын ел ішіне кіргізіп, оның азық-түлігі азайып, су тапшылығы басталған кезде күтпеген жерден соққы берген. Осылайша, олар өз жерін сақтап қалды, - дейді Еділ Ноянов.
«Жер – мемлекеттің негізі»
Тарихшы көшпелілер үшін жердің қаншалықты маңызды болғанын ғұн мемлекетінің негізін қалаушы Мөде тәңірқұт туралы оқиғадан көруге болатынын айтады.
Дунху билеушісі алғашында Мөденің әкесінен қалған сәйгүлік атты сұрайды. Кейін әмеңгерлік жолмен алған әйелін талап етеді. Мөде екеуін де береді. Мұны әлсіздік деп қабылдаған көрші билеуші екі ел арасындағы шөлейтті аумақты сұратқанда жағдай өзгереді.
– Мөде бұл жолы үзілді-кесілді қарсы шығып, соғыс жариялайды. Оның әйгілі «Жер – мемлекеттің негізі» деген сөзі бар. Көшпелілер үшін жер жай ғана аумақ емес, мемлекеттіліктің тірегі саналған. Сондықтан территория мәселесінде ешқандай ымыра болмаған, - дейді тарихшы.
Ұлыстар мен жүздер – көшпелі шекараның негізі
Орта ғасырларда мемлекет аумағы ұлыстық жүйе арқылы белгіленді.
Алтын Орда дәуірінде әрбір ұлыс белгілі бір Шыңғыс әулетінің өкіліне тиесілі көшіп-қону аумағы ретінде қалыптасты. Сол аумақтар мемлекет шекарасының құрамдас бөлігі болды.
Бұл жүйе кейін Қазақ хандығында да жалғасты.
–Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек ұрпақтарының әрқайсысының өз ұлысы болды. Ұлыстар белгілі бір ру-тайпалардың қоныстану аймақтары негізінде қалыптасты. Кейін Тәуке хан тұсында басқару жүйесі өзгеріп, жүздік құрылым орнықты. Осылайша, Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз түріндегі этникалық-территориялық аймақтар қалыптасты, - дейді Еділ Ноянов.
Тарихшының айтуынша, Кіші жүз Сырдарияның төменгі ағысынан Еділге дейінгі өңірді қамтыса, Орта жүз қазіргі Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстанды мекендеді. Ал Ұлы жүздің негізгі қоныстары Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда орналасты.
Әрбір рудың қыстауы, жайлауы, көктеуі мен күзеуі нақты белгілі болды. Сондықтан көшпелі қоғамда жердің кімге тиесілі екені арнайы карта болмаса да жақсы анықталған.
Қорымдар – жердің ең маңызды белгісі
Көшпелі қоғамда шекараның маңызды белгілерінің бірі ата-баба қорымдары болды.
– Әдетте белгілі бір рудың жері сол өңірдегі қорымдар арқылы танылды. Қыстаулар маңындағы зираттар жерге иелік етудің белгісі саналды. Бұл дәстүрдің тамыры өте тереңде жатыр. Бүгінге дейін сақталған сақ қорғандары мен қорымдары белгілі бір қауымның осы жерді ежелден мекендегенін көрсетеді, - дейді тарихшы.
Оның айтуынша, көшпелілер өздеріне қала немесе сарай салмаса да, ата-баба қорымдарын тұрғызуға ерекше мән берген.
– Иданфирстің Дарийге айтқан тағы бір маңызды сөзі бар. Ол «Егер шынымен соғысқың келсе, біздің ата-бабаларымыздың қорымдарын тауып көр. Сонда біз сендермен соғысамыз ба, жоқ па, соны көресің» дейді. Бұл көшпелілер үшін жер мен ата-баба рухының ажырамас ұғым болғанын көрсетеді, – дейді Еділ Ноянов.
Қарауыл төбелерден Кенесарыға дейін
Қазақ даласында шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қарауыл төбелердің де маңызы зор болды.
Биік төбелер сырттан келе жатқан жаудың бағытын бақылауға және елге дер кезінде хабар жеткізуге мүмкіндік берген.
Тарихшының айтуынша, XVIII ғасырдағы «Ақтабан шұбырынды» кезеңінен кейін қазақтар ата қонысын сақтап қалып қана қоймай, жоңғарларды өз жерінен ығыстыра алды. Кейін Қоқан және Хиуа хандықтарының қысымына қарсы күрестер де осы мақсатпен жалғасты.
– Кенесары ханның, Жанқожа батырдың және басқа да қазақ батырларының күрестері өз жерін сақтау мен қайтарып алу жолындағы қозғалыстар болды. Жер мәселесі қазақ қоғамында әрдайым ерекше орын алды, - дейді ол.
Сонымен қатар XIX ғасырда Ресей империясы қазақ даласында әкімшілік және сот реформаларын жүргізген кезде де «жер дауы» мен «жесір дауы» сияқты мәселелерді қазақтардың өз құзырында қалдырған.
Еділ Нояновтың пікірінше, қазіргі Қазақстан аумағы – қазақ мемлекеттілігі тарихында орын алған ежелгі және ортағасырлық мемлекеттердің мұрасы ғана емес, осы жерде өмір сүрген ру-тайпалардың ғасырлар бойғы қоныстарының жалғасы.
– Қазақ халқының бүгінге дейін көп өңірде бір рудың өкілдерін жеке қорымдарға жерлеуі ежелгі дәстүрдің сақталғанын көрсетеді. Бұл сақ дәуірінен бастау алатын жерге иелік ету мәдениетінің жалғасы. Бұл күні де рухы қазақ, елін сүйетін азамат үшін Қазақстанның әр өңірі қасиетті жер болып саналады, - дейді тарихшы.
Оның сөзінше, қазіргі Қазақстан аумағы ғасырлар бойы осы жерде өмір сүрген және қазақ ұлтының қалыптасуына үлес қосқан ру-тайпалардың тарихи мекені ретінде ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыр.
Еске салайық, бұған дейін қазақ қоғамында соғыс тұтқындары қалай өмір сүргені туралы жазған едік.