Қазақтар «жұрттың баласын» неге мысал етеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ отбасында баланы «жұрттың баласымен» салыстыру жиі кездеседі. Сарапшылар бұл әдеттің қайдан шыққанын және оның баланың өзіне деген сенімі мен тұлғалық дамуына қалай әсер ететінін түсіндірді.
«Жұрттың баласы» қоғамдық бағаның өлшемі ме?
Астана халықаралық университетінің аға оқытушысы, әлеуметтанушы Айдар Хамиттің айтуынша, баланы өзгелермен салыстыруды тек қазақ халқына тән ерекшелік немесе ұлттық тәрбиенің кемшілігі деп қарастыруға болмайды. Бұл – ұжымдық құндылықтар басым қоғамға ортақ әлеуметтік құбылыс.
Қазақ қоғамында бала жеке тұлға ғана емес, отбасы мен әулеттің өкілі ретінде қабылданған. Оның мінез-құлқы мен жетістігі ата-ананың тәрбиесіне берілген баға саналған. Сондықтан «Ұят болады», «Ел не дейді?», «Пәленшенің баласына қара» деген сөздер баланы қоғамда қабылданған талаптарға бейімдеудің бір жолы болған.
Француз әлеуметтанушысы Эмиль Дюркгейм тәрбие арқылы қоғам өзінің нормалары мен құндылықтарын келер ұрпаққа жеткізетінін айтқан. Осы тұрғыдан алғанда, «жұрттың баласы» – үлкенді құрметтеу, еңбекқорлық, тәртіп пен білімге ұмтылу сияқты қоғам мақұлдаған қасиеттердің шартты үлгісі.
Алайда бұл құндылықтарды бойға сіңіру мен баланы өзгелерге күштеп ұқсатудың арасы алшақ. Дәстүрлі тәрбие үлгісінде үлкеннің сөзіне қарсы келмеу маңызды саналғандықтан, бала өзіне жасалған салыстыруға қарсылық білдіре алмауы мүмкін. Осылайша, бастапқыда тәртіпке шақыру үшін қолданылған тәсіл біртіндеп психологиялық қысымға айналуы ықтимал.
– Қазақ қоғамында әлеуметтік беделдің маңызы жоғары. Баланың жақсы оқуы, беделді мамандық таңдауы немесе материалдық жетістікке жетуі кейде оның жеке нәтижесі ғана емес, бүкіл отбасының мәртебесі ретінде қабылданады. Пьер Бурдьенің түсінігімен айтсақ, баланың жетістігі отбасының әлеуметтік және символдық капиталына айналады, – деді Айдар Хамит.
Өзгемен салыстыру баланың психологиясына қалай әсер етеді?
Қоғамдық бағаға сай болуға ұмтылу отбасындағы қарым-қатынасқа да әсер етеді. Психолог Алина Нұрланованың айтуынша, ата-ананың жақсы ниетпен айтқан салыстыруы баланың өзін өзгелерден кем сезінуіне және сүйіспеншілікке лайық болу үшін үнемі жақсы нәтиже көрсетуі керек деп ойлауына әкелуі мүмкін.
– Бала «Ол жақсы, ал мен жақсы емеспін. Сондықтан мені жақсы көрмейді» деген ойға келуі мүмкін. Ата-анасы мұны байқамағанымен, бала өзін жолы болмаған адамдай сезініп, өзгеге қызғанышпен қарауы ықтимал, – деді маман.
Мұндай сезім баланың жетістікке ұмтылуынан да көрінеді. Бірі өзгелерден озып, өзін үнемі дәлелдеуге тырысса, екіншісі қолынан ештеңе келмейтініне сеніп, жаңа мүмкіндіктерден бас тартуы мүмкін. Екі жағдайда да бала өз қызығушылығына емес, сыртқы бағаға көбірек мән бере бастайды.
Бұған қоса балалардың қабілеті, даму қарқыны мен өмірлік жағдайы әртүрлі. Мәселен, сабақтан тыс уақытта үй шаруасына көмектесіп, іні-қарындастарына қарайтын баланың мүмкіндігі қосымша сабаққа қатысып, ата-анасының қолдауына сүйенетін баланікінен өзгеше болуы мүмкін. Сондықтан олардың нәтижесін бір өлшеммен бағалау әр баланың жеке жағдайын ескермеуге әкеледі.
Әлеуметтік желі бұл ұғымды қалай өзгертті?
Бұрын баланы көбіне көршінің, туыстың немесе сыныптасының жетістігімен салыстырса, қазір әлеуметтік желі бұл шеңберді кеңейткен. Грант ұтып алған, шетелде оқитын немесе ерте жетістікке жеткен балалардың өмірі экран алдында. Мұндай мысалдарды көрген ата-ана да өз баласының нәтижесін өзгелермен салыстыра бастайды.
Айдар Хамиттің пікірінше, желіде адамның өмірі көбіне жетістіктері арқылы көрсетіледі. Алайда оның қандай жағдайда өскені, қандай мүмкіндіктерге ие болғаны және сол нәтижеге жету жолында қандай қиындықтарға тап болғаны көп жағдайда шынайы айтылмайды.
Әлеуметтанушы Эрвинг Гофманның тұжырымдамасы бойынша, адамдар қоғам алдында өздерінің жағымды бейнесін көрсетуге тырысады. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі «жұрттың баласы» – адамның шынайы өмірінен гөрі көпшілікке ұсынылған жетістіктің бейнесі. Онымен салыстыру баланың да, ата-ананың да өз жетістігіне көңілі толмауына әсер етуі мүмкін.
Бұл құбылыс цифрлық ортада өсіп келе жатқан Z және Alpha буындары үшін де маңызды.
– Заман да, ақпарат ағынының жылдамдығы да, балалардың өсу ортасы да өзгерді. Сондықтан әр буынның ерекшелігін өз кезеңінің жағдайларымен байланыстыра қарастырған жөн. Ата-аналар балалық шағын бүгінгі ұрпақтың өмірімен салыстырып, бұрынғы тәрбие тәсілдерін сол күйінде қолданбауы керек, – деді психолог Алина Нұрланова.
Маманның айтуынша, ата-ана баласына талап қоя алады, бірақ ол баланың жасына, мүмкіндігіне және даму қарқынына сай болуы қажет. Баланың нәтижесімен қатар, талпынысы мен еңбегін бағалау да оның өзіне деген сенімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Баланы өзгемен емес, өзімен салыстыру маңызды
Психологтың пікірінше, баланы ынталандырудың тиімді жолы – оның бұрынғы және қазіргі жетістіктерін салыстыру. Бұл өз дамуындағы ілгерілеуді байқап, өзіне деген сенімін нығайтуға көмектеседі. Мәселен, «Бұрын бұл тапсырма саған қиын болатын, қазір өзің орындап жүрсің» деген сөздер баланың еңбегін бағалауға мүмкіндік береді.
Алина Нұрланова баланы тәрбиелеуде ата-ананың жеке тәжірибесі де маңызды екенін атап өтті. Балаға сезімін басқаруды үйрету үшін ата-ана да өз эмоциясын реттеп, сөзі мен ісінің бірізді болуына мән бергені жөн. Кейбір ата-ана ашуын баласынан алады, енді бірі өз балалық шағын мысалға келтіріп, баласын үнемі өзімен салыстырады. Ал шектен тыс қамқорлық танытатын ата-ана оның дербес шешім қабылдауына кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан баланың пікірін тыңдап, қиындықтарды өздігінен еңсеруіне мүмкіндік беру маңызды.
Әлеуметтанушы Айдар Хамит те «жұрттың баласы» түсінігінен толық бас тартудан гөрі, оның тәрбиедегі орнын қайта қарастыру қажет деп санайды.
– Баланы өзгеден озуға емес, өзінің өсуіне бағыттаған дұрыс. Оның қабілетін өзгелердің нәтижесімен өлшемей, мүмкіндігін ашуға көмектесу қажет. Сонда тәрбие сыртқы қысымға емес, қолдау мен жеке жауапкершілікке негізделеді, – деді ол.
Бұған дейін олимпиададағы жетістік баланың болашағына қаншалықты әсер ететінін жазған едік.