«Қазақтелеком» 5G орнату үшін бюджетке 156 млрд теңге төледі

«Қазақтелеком» АҚ-ның байланыс құралдарын сатып алуға жұмсаған шығындарының мөлшері өткен жылға қарағанда 2 есе өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақтелеком» 5G орнату үшін бюджетке 156 млрд теңге төледі
«Біздің компания 5G ұялы байланысын орнатуда радиожиіліктер үшін мемлекеттік бюджетке 156 млрд теңге төледі. Бұл біздің еншілес компанияларымызға ел аумағында түбегейлі жаңа инфрақұрылымдық желі құруға мүмкіндік береді. Желіні инвестициялау - компанияның болашақ пайдасына салынған қаражат. Биыл байланыс құралдарын сатып алуға жұмсалатын шығындардың мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан қаржылық көрсеткіштердің тұрақты өсуі бізге жаңа жобаларды іске асыруға және негізгі активтерді жаңғыртуға мүмкіндік береді», - деді «Қазақтелеком» АҚ бас қаржы директоры Людмила Атамұратова аталған компанияның 6 айлық жұмысын қорытындылауға арналған жиында.

Оның айтуынша, жыл қорытындысы бойынша компанияның жалпы табысы 670-690 млрд теңгеге жетеді деп болжануда. Былтыр компания кірісі 635 млрд теңгені құраған.

«Шығындардың елеулі өсуіне қарамастан, компанияның қаржылық тұрақтылығының көрсеткіші биыл 6 ай қорытындысы бойынша жақсарды. Меншікті капитал арақатынасы өткен жылмен салыстырғанда 21% және 24%-ға төмендеді. Таза қарыз 2023 жылдың 1 жартыжылдығы бойынша шоғырландырылған негізде 0,66 құрайды», - дейді ол.