«Қазақтелеком» 63 мыңнан астам абонентті «мыстан» «оптикаға» ауыстырды

Елдегі ең ірі байланыс операторы бірнеше жыл ішінде тұтынушылардың 100% талшықты-оптика технологияларына көшіруді көздейді. Қазір «Қазақтелеком» ескірген мыс желілерін жаңғырту жобаларын жүзеге асыруда және бұл жағынан Алматы қаласы көш бастап тұр. Онда жоба басталғаннан 14 мыңнан астам абонент «оптикаға» өтті.

«Қазақтелеком» 63 мыңнан астам абонентті «мыстан» «оптикаға» ауыстырды

Елдегі мыс желілерінің ұзақтығы 53 мың шақырымнан асады, мыс кабелі көбіне байланыстың талшықты-оптикалы желілерімен «қатар» тартылған. Бұл тұтынушыларға ADSL арқылы да, «оптика» арқылы да қызмет алуға мүмкіндік береді.

«Абоненттерден түсетін шағымдардың 70% мыс технологиялары бойынша тартылған байланыс сапасының нашарлауына қатысты, ал «оптикаға» көшу бұл мәселені жояды. Желіні жаңғырту бағдарламасы – «Қазақтелекомның» республиканың барлық аймақтарында жүзеге асырып отырған басым жобаларының бірі», - дейді «Қазақтелеком» АҚ «Желі Дивизионы» бірлестігінің сапа жөніндегі директоры Шыңғыс Құсқамбасов.

Алматыда дедупликация жобасы іске асқалы 13 мыңнан астам абонент қайта қосылды. Қала «оптикаға» өту жағынан көш бастап тұр. Екінші орында – 8 мыңнан астам клиенті бар Павлодар облысы, «үштікке» Солтүстік Қазақстан облысы (6 мыңнан астам абонент) кірді.

Ауыстыру бірнеше кезеңмен жүзеге асады – бұл зерттеу, талдау және тиісті техникалық шешімдер іздеу. «Қазақтелеком» үйдің орналасқан жеріне, оптикалық желілердің жақындығы мен қолжетімділігіне байланысты дауыстық шлюздер немесе ONT терминалдарын орнату, талшықты-оптикалы байланыс желілерін салу, тарту сияқты балама нұсқаларды да қарастыруда.

«Ауыстырудың 80% техникалық мүмкіндіктер, кабельдік кәріз жағдайын тексеру, экономикалық тиімділіктің есептелуіне байланысты. Сосын компания тұтынушыларға «оптикаға» көшу арқылы ағымдағы қызметтердің ауқымын кеңейту қолжетімділігі туралы хабарлайды. «Физикалық» ауыстыру тұрғындардың нақты келісімімен және ПИК не МИБ рұқсатымен жүзеге асады. Тұрғындар тізімі құрылған соң жұмыс күні мен уақыты туралы келісім жасалады», - дейді «Қазақтелеком» АҚ «Желі Дивизионы» бірлестігінің Қолжетімді желі жөніндегі директоры Ғазинұр Райымханов.

Оптика мүмкіндігі кең: ол клиенттерге 500 Мбит/с жылдамдықтағы интернетті қостыруға және заманауи телеарна, телефония қызметтеріне жол ашады.

Қазіргі көрсеткіш бойынша 63 мыңға жуық абонент мыс желісін оптикаға ауыстырды, жыл соңына дейін тағы 30 мыңнан астам клиентті «оптикаға» көшіру жоспарлануда.