18:26, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Қазақтелеком» АҚ интернет пайдалану бағасын төмендетпек
АЛМАТЫ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – «Қазақтелеком» АҚ интернет желісін пайдалану қызметтер тарифін арзандатпақ,

деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш компанияның жұртшылықпен байланыс қызметіне сілтеме жасай отырып.«Қазақтелеком» компаниясы интернет қызметтерінің халық үшін қол жетімділік деңгейін арттыру мақсатында бірқатар шараларды қолға алуда. Осы мақсатта 2009 жылдың 1 ақпанынан бастап «Megaline Turbo» және «Megaline Start» тарифтік жоспарларын арзандатады. Соның ішінде «Megaline Turbo» тарифтік жоспары бойынша ай сайынғы төлемге кіретін трафиктің мөлшерін 2-ден 10 Гбайтқа дейін көбейту көзделген. Бұған қоса осы трафиктің әрбір 10 Мбайтының бағасы 104 теңгеден 32,82 теңгеге төмендейді. Осыған орай аталған тариф құнының арзандау деңгейі 68 пайызды құрайды.Бұдан басқа 2009 жылдың 1 ақпанынан бастап «Megaline Start» тарифтік жоспары бойынша трафиктің әрбір 10 Мбайты 128 теңгеден 32,82 теңгеге дейін төмендейді. Сонымен бұл тарифтің арзандау деңгейі 74 пайызды құрайды.Айта кетелік, 2008 жылдың 1 маусымынан бастап «Megaline Start», «Megaline Hit», «Megaline Light» және «Megaline Box» тарифтік жоспарларының өткізу қабілеттері 128-ден 256 Кбит/с-ке дейін арттырылған болатын. «Қазақтелеком» АҚ интернетін пайдаланушылар саны 2008 жылы 660 мың адамнан асты. Бұл көрсеткіш 2007 жылмен салыстырғанда 124,5 пайызға артық.