«Қазақтелеком» АҚ өткен жылғы жоспарды 126 пайызға орындады
АЛМАТЫ. 17 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - «Қазақтелеком» АҚ-ның өткен жылғы қызмет көрсету кірісі 153 222 миллион теңгені құрады,
2009 жылмен салыстырғанда кіріс 6,4 пайызға өсті, таза табыс 34 314 миллион теңге. Жоспар 126 пайызға орындалды. Аудиттелмеген қаржы есебі бойынша, компанияның активтері 373 219 миллион теңгеге бағалануда, жеке капитал 238 636 миллион теңгені құрады. Бұл мәліметтер бүгін Алматыда аталмыш компанияның басшылары мен еншілес ұйымдарының қатысумен өткен 2010 жыл қорытындысына арналған жиында айтылды.
Өткен жыл қорытындысы жасалғаннан кейін 2011 жылы атқарылатын жұмыстардың міндеті талқыланды. «Компанияның 2010-2020 жылға арналған ұзақ мерзімді стратегияның орындалуындағы жетуге тиіс негізгі мақсат - таза табысқа тікелей байланысты өзіндік акционерлік құнды ұлғайту болып табылады»,- деді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев жиында.