«Қазақтелеком» АҚ өзінің Kcell-дегі 49 пайыз үлесін 1,519 миллиард АҚШ долларына сатты
АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат - TeliaSonera «Қазақтелеком» АҚ-ның Kcell-дегі үлесін 1,519 миллиард АҚШ долларына сатып алды,
деп хабарлайды TeliaSonera баспасөз қызметі.
«TeliaSonera «Қазақтелеком» АҚ-ның Kcell-дегі үлесін 1,519 миллиард АҚШ долларына сатып алды. Сонымен қатар қор нарығында Халықтық IPO жолымен акциялар сәтті орналастырылған жағдайда «Қазақтелеком» АҚ қосымша сыйақыны алуға құқылы», - делінген хабарламада.
Акцияларды алғаш орналастыруға дайындық басталды, ол 2012 жылы өткізіледі деп күтілуде. Қор нарығында алғаш орналастырылғаннан кейін акция құнының қалай қалыптасатынына байланысты TeliaSonera, «Қазақтелеком» АҚ пайдасына қосымша төлем жасауы мүмкін.
«Жабық келісімнің нәтижесіне және шарттарына біздің көңіліміз толады. Осылайша, келісімнен кейін компанияның акционерлік құны айтарлықтай өсті. Компанияның стратегиялық инвесторлық жобаларымыздың, соның ішінде LTE (4G) желісін салу жобасының сәтті жүзеге асырылып жатқандығын негізге ала отырып, біз бұдан әрі де инвесторлардың позитивті көзқарасына үміт артамыз», - деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.