«Қазақтелеком» АҚ және Tele2 АВ бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімнің аяқталғанын мәлімдеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақтелеком» АҚ және Tele2 АВ компаниялары ұялы байланыс сегментінде бірлескен кәсіпорын құру туралы мәміленің аяқталғанын хабарлады. Айта кетейік, 2015 жылдың қараша айында компаниялар өздерінің Қазақстандағы ұялы байланыс активтерін біріктіру туралы уағдаласқан еді.
«АЛТЕЛ» АҚ (ALTEL 4G бренді) мен «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ны (Tele2 бренді) біріктіру негізінде құрылған бірлескен кәсіпорын қысқа мерзім ішінде ұялы байланыс нарығындағы екі компанияның да ұстанымын күшейтіп, тұтынушыларға ұялы қызметтердің жаңа мүмкіндіктерін ұсынабақ.
«Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің сөзіне қарағанда, ауқымды технологиялық және коммерциялық нарығы бар жаңа компания Қазақстандағы телекоммуникация нарығын бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Осы орайда еліміздің барлық аумағында 4G интернетін пайдалану мүмкіндігі болады.
Өз кезегінде Tele2 тобының президенті, бас атқарушы директоры Эллисон Киркби компания үшін Қазақстан нарығы өте маңызды екенін атап өтті. «Қазақстанның ұялы байланыс нарығында айтарлықтай тұрақты. Біз 2010 жылдан бері бизнесімізді дамытып келеміз. Біздің мақсатымыз Қазақстандағы телекоммуникация нарығында екінші орындағы ойыншы болуға негізделген. Атап айтқанда «Қазақтелеком» компаниясымен осы салада елеулі жетістіктерге жетуге ниеттіміз»,-деді ол.
Белгілі болғандай, «Қазақтелеком» АҚ және Tele2 АВ бірлескен кәсіпорынға тиесілі акционерлік капиталдың тиісінше 51% және 49%, сондай-ақ бірлескен компанияның дауыс беретін акцияларының 49% және 51% ие болады. Стратегиялық бақылауды қос компания теңдей негізде жүргізеді. Бірлескен кәсіпорынның операциялық қызметін бақылау құқығы Tele2 АВ компаниясына берілді.