Қазақтелеком байланыс желісіндегі ақауға қатысты жағдайды түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін сағат 10:00–ден бастап қазақстандықтар бірқатар сервиске, оның ішінде egov.kz мемлекеттік ресурсын ашу кезінде қиындықтарға тап болды. «Қазақтелеком» АҚ осы жағдайға түсініктеме берді.

Қазақтелеком
Фото: ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

«Қазақтелеком» бұл проблемалар компания желісінің жұмысымен байланысты емес екенін айтып, бірнеше дәйек келтірді.

1. ТОИТ мәліметтеріне сүйенсек, сағат 10-нан бастап «ҰАТ» АҚ-ға қол жетімділіктің бұзылып, кестеден ауытқығанын көреміз. Білмейтіндер үшін ҰАТ префикстері ТОИТ трафик алмасу нүктесіндегі барлық операторлар үшін қол жетімді. Операторлар мен ТОИТ арасында аралық операторлар жоқ және трафикті тікелей бөлісу мүмкіндігі бар. https://lg-ix.sts.kz/#nitec_astana сілтемесі арқылы looking glass-те трафикті өзіңіз көре аласыз. Астана қаласын таңдап, кезектілік бойынша 6-шы кестені қарауға болады.

2. Бұл ретте Ресейде «Бас радиожиілік орталығының» жалпыға ортақ пайдаланылатын байланыс желісін мониторингілеу және басқару орталығы (ЖОПБ ЖМБ) «Мегафон» компаниясының еуропалық желілермен шетелдік түйісулерінде ақау болғанын хабарлады. МегаФонның ресми мәлімдемесінде ақаулар шешілгені көрсетілген.

3. Осы кезеңде біздің желіде ақаулар тіркелген жоқ. Сонымен қатар, Қазақтелекомның Еуропа мен Азиядағы біздің қатысу нүктелеріміздің арқасында транзиттік операторларды айналып өтуге байланысты проблемаларды жедел шешуге мүмкіндігі бар. Егер транзиттік операторларда проблема туындаса, біз операторлардың аплинк (транзиттік) ақауларының әсерін азайту және тұтынушыларымыз үшін қызметтердің тұрақтылығын сақтау үшін кіріс трафигін қайта бағыттаймыз. Осы нүктелерде біз транзиттік операторларды айналып өту үшін трафикті Еуропадағы автономды операторлық жүйелермен және BigTech компанияларымен (AS) тікелей алмасамыз.

— Баршаңызға нақты дерекке мән беріп, алып-қашпа әңгімелерге жүгінбеуді сұраймыз. Біздің команда жағдайды бақылап отыр, әрі желінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қолдан келгенді аянып қалмаймыз. Жергілікті қызметтерге немесе үшінші тарап операторларына қатысты мәселелерге біз жауап бере алмаймыз, алайда шамамыз келгенше диалог құрып, көмек көрсетуге дайынбыз, — деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Орталық аппаратының инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов.

Айта кетсек, бүгін бірнеше мемлекеттік порталдың жұмысынан техникалық ақау шықты.

Кейіннен Цифрлық даму министрлігі ұялы байланыс пен Meta (Facebook, Instagram, WhatsApp) сервистеріне қолжетімділік бойынша қазіргі мәселелер ғаламдық сипатқа ие екенін мәлім етті.

Бұдан бөлек, авиация комитеті әуежай жолаушыларына ескерту жасады.

Соңғы жаңалықтар