«Қазақтелеком» былтыр қанша табыс тапқаны белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақтелеком» АҚ 2025 жылдың қорытындысы бойынша 147 млрд теңге көлемінде таза пайда тапты. Бұл туралы компания басқарма төрағасы Бағдат Мусин «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің отырысында мәлім етті.

Қазақтелеком
Фото: ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

Оның айтуынша, компанияның жалпы кірісі жоспардан асып, 587 млрд теңгені құрады. Бұл байланыс қызметтеріне тұрақты сұраныстың бар екенін және коммерциялық стратегияның тиімділігін дәлелдейді.

Былтыр «Қазақтелекомның» нақты шығындары жоспардан 2,6%-ға төмен болып, 508,9 млрд теңгені құраған.

— Таза пайда 147 млрд теңгеге жетті. Бір реттік факторларды есепке алмағанның өзінде негізгі бизнес табыстылығының сенімді өсімі байқалады. Қарыз жүктемесі де қолайлы деңгейде сақталып отыр, — деді Бағдат Мусин.

Сонымен қатар компания бюджетке 89,2 млрд теңге көлемінде салық төлеген. Инфрақұрылымды дамытуға 200 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталған.

Абоненттік базаға 1,9 млн тұрақты интернет қолданушысы, 8,7 млн мобильді байланыс абоненті және 1,2 млн TV+ қызметін пайдаланушы кіреді. Компания 15 240 мемлекеттік мекемені, 80 мың бизнес ұйымды, 3 850 мектепті және 2 720 медициналық мекемені байланыспен қамтамасыз етіп отыр.

Бұған дейін «Қазақтелеком» компаниясы келесі жылдың екінші тоқсанында Павлодардағы деректерді өңдеу хабында алғашқы 50 МВт-тық ЖИ-деректер орталығын салатынын жазғанбыз.