«Қазақтелеком» депутаттарға өз қызметтерін таныстырды

АСТАНА. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат. Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Қазақтелеком» АҚ қызметімен танысу үшін көшпелі отырыс өткізді.

«Қазақтелеком» депутаттарға өз қызметтерін таныстырды
Онда Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі мен «Қазақтелеком» АҚ басшылығының ұлттық байланыс операторын және телекоммуникация саласын толығымен алғанда әрі қарай дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мәжіліс депутаттары телекоммуникация желілерін жедел басқару орталығында, Жеке тұлғаларға қызмет көрсету агенттігінде, «Show-room» таныстыру залында, Internet Data Центр және «Telepresenсе» бейне-конференцияларға арналған студияда болды. Депутаттар «Қазақтелеком» АҚ-ның 2008 жылға арналған қаржы-шаруашылық қызметінің негізгі бағыттарымен және компанияны дамыту бағытындағы іс-шаралармен, жаңа жетістіктермен танысты. Өткен жылы Ұлттық Ақпараттық Супермагистраль (ҰАСМ) құрылысын салу бойынша ірі жоба аяқталған. Қазіргі таңда ұзындығы 12,4 мың шақырымнан асатын ҰАСМ барлық облыс орталықтарын, Алматы мен Астана қалаларын өзара байланыстырады. Ол арқылы 119 шағын қала, аудан орталықтары мен ауылға сандық ағындар ұйымдастырылды.Ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында еліміздің электр қуатымен қамтамасыз етілген барлық келешегі бар ауылдық елді мекендерін телефондандыру аяқталды. "CDMA технологиясын пайдалану арқылы ауылдық байланыстың телекоммуникация желілерін жаңғырту және дамыту" жобасы бойынша 200 базалық станса орнатылап, республиканың 600-ден астам ауылдық елді мекенінде 57 мыңнан аса абонент қосылған. Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында Internet Data Орталықтары ашылды."Қазақтелеком" АҚ (еншілес компанияларды есептегенде) Интернетке кең жолақты қатынауды пайдаланушыларының саны 660 мың адамнан асып, 2,2 есеге өсті. "Қазақтелеком" АҚ-ның өткен жылы қазақстандық Интернетті дамытуға мақсатты және белсенді қолдау көрсетуі алғашқы елеулі нәтижелер бергенін атап өткен жөн.