Қазақтелеком жарты жылда 58,5 млрд теңге табыс тапты

«Қазақтелеком» АҚ биылғы жарты жылды қорытындылап, тапқан табысы туралы ақпаратты жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақтелеком жарты жылда 58,5 млрд теңге табыс тапты
Фото: Қазақтелеком
«Биыл 6 айдағы жұмыс қорытындысы бойынша негізгі қаржылық-экономикалық көрсеткіштер өсімі артты. Жарты жылдың қорытындысы бойынша кіріс 330 млрд теңгеден асып түсті. Аталған көрсеткіш былтырға қарағанда 10%, ал 2021 жылдың жарты жылымен салыстырғанда 17% ұлғайды. Табыстың өсуіне телекоммуникация және ұялы байланыс сегментінің өсуі арқасында қол жетті», - деді «Қазақтелеком» АҚ бас қаржы директоры Людмила Атамұратова компанияның 6 айлық жұмысын қорытындылауға арналған жиында.

Спикердің мәлімдеуінше, табыстың артуы телекоммуникация және ұялы байланысты жетілдіру бағытында жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Биыл 6 айдың қорытындысы бойынша біздің компанияның таза табысы 58,5 млрд теңгеге жетті. Өткен жылға қарағанда 16% жоғары, былтырғы табыс 51 млрд теңге болған. Сонымен қатар, компанияның капиталды шығыстары (53 млрд теңгеден 255 млрд теңгеге) өсті. Бұл жаңа жобаларды іске асырумен де, қолданыстағы активтерді жаңғыртумен де байланысты», - деп түсіндірді Людмила Атамұратова.

Бұған дейін «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы 5G желісін орнатуда мемлекеттік бюджетке 156 млрд теңге төлегені туралы хабарлаған едік.