«Қазақтелекомның» тарифтік саясаты Интернеттің дамуына тосқауыл, кедергі болып тұр
АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - «Қазақтелекомның» тиімсіз тарифтік саясаты Интернеттің дамуына тосқауыл болып тұр. Бүгін Астанада өткен конференцияда ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің департамент директоры Бақытжан Битеміров осылай айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Интернет саласын дамытуға тосқауыл болып тұрған проблемалардың бірі, ол - «Қазақтелеком» компаниясының тиімсіз тарифтік саясаты. Осы компания белгілеген Интернет қызметтерінің көтерме құнының өзі провайдерлерден тұтынушыға берілуі тиіс бағаларымен бірдей болып тұр. Бұл Интернет абоненттерінің санын азайтып, бәсекелестік заңдарына мүлдем қайшы. Ал «Қазақтелеком» мен ірі ұялы байланыс компаниялары арасындағы бірыңғай тарифтің болмауы салдарынан ұялы және қалалық телефондарынан бір-біріне қоңырау шалу қызметі тым қымбат болып тұр», - дейді Б.Битеміров.