«Қазақтілді ақпарат тәжірибесіне жаңа медиа технологияларын енгізу» республикалық семинар-тренингі өтеді

АЛМАТЫ. 22 сәуір. ҚазАқпарат - Алматыда 27-28 мамырдың күндері, Астанада 24-25 маусымда қазақ тілді журналистер үшін «Қазақтілді ақпарат тәжірибесіне жаңа медиа технологияларын енгізу» тақырыбында екі күндік республикалық семинар-тренинг өтеді.
None
None

Бұл туралы «Мінбер» журналистерді қолдау орталығынан хабарлады.

Сорос Қазақстан қоры, ЕЫҚҰ-ның қолдауымен «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы ұйымдастыратын шараның мақсаты - жаңа медиа технологияларын қазақтілді БАҚ тәжірибесіне енгізу. Семинар-тренингте блогшылық пен журналистік қызметте қазақ тілінде жаңа медиа технологияны, ғаламтор мүмкіндігін (блог, микроблог, әлеуметтік желілер, web 2.0 тәсілдері) пайдалану тәсілдері үйретіледі. Тәжірибелі жаңа медиа мамандарының шеберлік сыныптары өткізіледі. Алматы қаласындағы семинар-тренингке қатысуға - Шымкент, Тараз, Қызылорда, Ақтау, Атырау, Орал, Семей, Өскемен, Талдықорған қалаларымен, тиісінше осы облыстардан үміткерлер өтініш білдіре алады. Ал, Алматы қаласынан 9 адам шақырылады. Астана қаласындағы семинар-тренингке қатысуға - Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Көкшетау, Жезқазған, Арқалық, Петропавл және Астана қаласынан өтініш білдіруге болады.

Тренингке қатысамын деген үміткер «Жаңа медиа және қазақ басылымы», «Блоггер болғым келеді» тақырыптарында мақала жазып, «Minber.kz» ұлттық интернет газетіне 20 мамырға дейін жолдауы тиіс. «Бұл мақала арқылы үміткердің жаңа медиа проблемаларын қаншалықты түсінетіндігі және тақырыпқа қаншалықты ынталы екендігі анықталады. Бұдан соң, әрбір қатысушыға арнайы сауалнама парағы жолданады. Сауалнама парағына қатысушылар өздері жайлы мәліметтерін енгізуі тиіс. Сондай-ақ, әрбір журналист осы шараның ақпараттық қолдаушысы болғаны абзал», - дейді «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының президенті Есенгүл Кәпқызы.

Естеріңізге сала кетейік, аталған семинар-тренинг былтыр да өткізілген болатын. «Былтырғы семинар нәтижесінде Өркен Кенжебек, Бүркіт Нұрасыл, Тоты Атышева, Ербол Азанбек, Амангелді Құрмет, Кәмшат Тасболат, Динара Мыңжасарқызы, Еркін Қуатайұлы сынды жаңа медианы меңгерген қазақ блогшы-журналистері пайда болды. Биыл әз-Наурыз мейрамы қарсаңында өткен блогшылар құрылтайы да осы семинардың жемісі», - дейді Е. Кәпқызы.

Соңғы жаңалықтар