«Қазақтілді «Балапан» қаз-қаз басты» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 25-і, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановты қабылдады. О.Мұхамеджанов Мемлекет басшысын Парламенттің заң шығару жұмысы, «Нұр Отан» партиясының парламенттің фракциясының жұмысы, атап айтқанда, ағымдағы жылдың бюджетіне өзгертулер енгізу және алдағы үш жылдың бюджет жобасымен жұмыстың барысы туралы хабардар етті. Сондай-ақ осы күні Елбасы еліміздің Бас прокуроры Қ. Мәмиді де қабылдады. Кездесуде Бас Прокурор құқық қорғау қызметіне қатысты прокуратура органдарының үйлестірушілік функциясын күшейтуге, прокурорлық қадағалауды одан әрі арттыруға бағытталған Президенттің тамыздағы Жарлығы ережелерінің жүзеге асырылуы бойынша Бас прокуратураның атқарып отырған жұмыстары жөнінде баяндады.

Қазақ өнерінің ірі тұлғасы, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, М. Әуезов театрының белгілі актрисасы Фарида Шәріпова дүниеден озды. Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады. «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың халық әртісінің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхаты жарық көрді. Сондай-ақ осы басылым арқылы еліміздің бірқатар жазушылары, өнер қайраткерлері Ф.Шәріповамен бақұлдасты.

«Кеше Жамбыл облысында Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының даңқын әлемге танытқан жаужүрек қолбасшы, қаһарман жазушы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған мерейтой салтанатты түрде ашылды. Той рәсімі облыс орталығында ерлік пен өрліктің үлгісіндей қасқайып тұрған қаһарманның еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батырдың өшпес рухына тағзым етуден басталды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Ерліктің, тектіліктің, өрліктің үлгісі» деген тақырыпен жарық көрген мақалада. Басылымның атап өтуінше, ер мен елдік туралы тағылымды ойлар тізбегінен тұратын конференцияда батыр туралы осы тәріздес ойлар мен пікірлер, ғылыми тұжырымдар көптеп айтылды. Бауыржантанушы Мекемтас Мырзахметов, профессор Б.Аяған, Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы мемлекеттік университет профессоры Х.Мұхамедқалиев, Қырғыз елінен келген, сол елдің мемлекеттік сыйлығының иегері Г.Орозова, профессор Б.Хасанұлы, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының "Қазақстан ардагерлері" қауымдастығы төрағасының орынбасары Б.Смағұловтардың пікірлері мен ойлары ғылыми конференция тақырыбын мазмұн жағынан байыта түсті.

***

Еліне еңбегі сіңе қоймаған, талантымен жарқырап көріне қоймаған өнер иелерін «жұлдыз» деп атауды доғару керек. Бұл атау тек қана халқының құрмет-даңқына бөленген айтулы дарындарға ғана телінгені жөн. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында осындай ой тастайды. «Сал-серілер мен өнер саңлақтары» деген теңеу халқына өнерімен жарқырап көрінген жүзден бір адамға ғана телінетін құрметтеу болса, «жұлдыз» деп отырғанымыз ә деп аузын ашқан әрбір адамға берілетін атаққа айналып кетті. Екінің бірі «жұлдыз» болған соң, өнер адамы болғаннан не қайыр бар? Яғни әншілерді құрметтеудің бүгінгі қадірі әлсіреген және таязданған. Мәселен, Роза Рымбаевамен мектепті жаңа бітіріп, бір ән орындаған жеткіншекті «жұлдыз» деп қатарлас қоюға дәтіміз қалай барады? Ал біздің телерадиоарналардан, үлкенді-кішілі сахналардан осылай хабарланады, баспасөзде де осылай жазу қалыптасып кеткен. Меніңше, бұл дұрыс емес», дейді зерттеуші.

Қазақстанда төлқұжат ауыстыру төңірегінде дүрлігу туып отыр. Мәселен, жылдың басынан бері құжат ауыстырмақ болғандардың қатары 1,6 млн-нан асып кетті. Әділет министрлігінің мамандары бұл жағдайдың үш себебі бар екенін атап көрсетеді: біріншіден, халық жеке сәйкестендіру нөмірін, екіншіден, электронды чипі бар куәлікті, үшіншіден, шенген визасына лайық құжат алуға асығып жатыр. Ал бұл аралықта құжат алу жөніндегі өтініштердің қарша борауымен бірге құжат жасайтын зауыттардың да мүмкіндігі азайып кеткенге ұқсайды. Құжат рәсімдеу төңірегіндегі мәселелер турасында «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөміріндегі «1 600 000 азамат құжатын алмастырғалы отыр» деп аталатын мақаладан жан-жақты біле аласыздар.

Өзіміздің өзегімізден шыққан және салт-дәстүр, тәлім-тәрбиемізбен өрілген арнайы хабарларымыздың жоқтығынан, таңнан кешке дейін Jetix, Niceledon секілді өзге арналардың түсініксіз мультсериалдарына телміріп, ресейлік «Теленяняның» қызығына еліткен қазақ баласының ата-аналарынан сүйінші сұраймыз! Қыркүйектің 27-сінен бастап, елімізде кабельдік желіде қазақ тілінде ғана хабар тарататын, тек қана балаларға арналған «Балапан» атты телеарна іске қосылады. «Балапан» қазақ балаларының тілін дамытып, ұлттық көзқарасы мен дүниетанымын қалыптастыруды көздейді. Арна ғарыштық байланыстың көмегімен келешекте әр ауылға тарайтын болады. Бұл жайында тереңірек білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» газетіндегі «Қазақтілді «Балапан» қаз-қаз басты» деген мақалаға назар салыңыз.

***

Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ақ үйдің басшысын Қазақстан Президенті атынан Астана саммитіне шақырды. Әзірге америкалық президенттен нақты жауап болмағанымен, бірнеше еуропалық ел басшылары қазірдің өзінде осы жиынға қатысуға пейілді. Ал саммитке қатысушылар жиынның маңыздылығын анықтайтыны айқын. Осыған орай «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде «Обама Астанаға келе ме?» деген мақала жарық көрді. Осы сауалға жауап берген Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі Болат Әуелбаев «Саммит аталуының өзі оған мемлекет, үкімет басшылары жиналатындығынан хабар береді. Бұл - ең жоғарғы деңгейдегі кездесу болмақ. Егер Барак Обама өзінің саммитке қатысу өкілеттігін Хиллари Клинтонға жүктесе, онда жағдай - басқа. Әзірге америкалық президенттің саммитке келетіндігін тек жорамалдауға ғана болады. Алайда, әлі бірде-бір АҚШ президентінің мұнда болмағаны - факт», депті.

«Светлана Подобедова Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтын жүлдені салды. Түркия жерінде өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Алматы облысының атынан өнер көрсететін спортшымыз үш бірдей рекордқа түзету енгізді. Бұл - оның әлемдік додада екінші рет топ жаруы», деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Қыздар екі алтын әперді ендігі кезек жігіттерде» мақалада. Спортшыларымыздың әлемдік додадағы өнері жайында сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінен де оқи алсыздар.

***

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Атамекен" саяси партиясының төрағасы Өмірбек Те­кебаевты (Қырғыз Республикасы) қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесу барысында Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру мәселесі, қауіпсіздікті нығайту саласындағы ЕҚЫҰ-ның рөлі талқыланды. Журналистерге арналған брифингте Ө.Текебаев бүгінде Қырғызстанда маңызды саяси үдерістер жүріп, жаңа саяси жүйе қалыптасуда екенін атап өтті. «Қазақстан туыстас республика және ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға нақты көмектер көрсетуде. Біз Қазақстан мен Қырғызстан келешекте де екі жақты ынтымақтастықты табысты дамыта беретініне сенеміз», депті Ө. Текебаев.

Соңғы жаңалықтар