Қазақтілді сайттарды дамытуға көңіл бөлу қажет - Ә.Құрышжан
АЛМАТЫ. 13 қазан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Интернеттен орын тапқан еліміздің сайттары ағылшын, орыс және үш жазу нұсқасындағы қазақ тілінде болғаны жөн.
Бұл жайында бүгін Алматыда Қазақ Ұлттық университетінің ҒЗИ сектор меңгерушісі Әлия Құрышжан қазақтілді интернет кеңістігі жиынында айтты.
Оның айтуынша, егер біз бүкіл әлемге ақпар беретін қазақтілді сайттарды дамытқымыз келсе, біріншіден, оның шетелдіктер оқи алатындай ағылшынша және ТМД елдерінің азаматтарына арналған орысша жазбалары болу керек. «Егер біз бір өнімді шығаратын болсақ оны өзге мемлекеттерге мәлімдеп, жеткізе білуіміз керек. Ал өзіміздің қазақ бауырларымыз үшін ондағы мәліметтер латын, төте және елде пайдаланып жүрген кириллица қаріптерімен жазылғаны жөн. Өйткені Түркиядағы қандастарымыз латын әрпін пайдаланса, Моңғолия мен Қытайдағы қазақтар төте жазуды меңгерген», -дейді Ә.Құрышжан.
Міне осы талаптардан шыға алсақ біздің сайттар толық қанды ақпарат бермек. Алайда, бұл көптеген аудару жұмыстары мен шығынды қажет етеді, сондықтан бізге осы мәселемен жұмыс істеген жөн, дейді ол.
Сондай-ақ ол қазақ тіліндегі сайттар қатарын көбейтуді алға тартады. «Биылғы оқу жылында қазақ мектептерінде 1,5 миллион оқушы болса, орыс мектебінде 846959 бала бар және мұның жартысы қазақтар. Бұл интернеттегі қазақтілді кеңістіктің күннен-күнге ұлғайып, сұраныстың артатындығын білдіреді. Сондықтан ақпараттық ұялы және теле-коммуникацияларды, ақпаратты технологиялар, бұлтты технологиялардың барлығын қазақ тілінде жасау қажет», -деп атап өтті Әлия Құрышжан.