Қазақтілді ұстаздар орыс тілін білуден сайысты
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада қазақтілді ұстаздар орыс тілін білуден өзара сайысқа түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Қазалы ауданы әкімдігінен мәлім еткендей, «Ой - сана» атты орыс тілі білгірлерінің аудандық байқауын мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен білім бөлімі ұйымдастырған.
Сайысқа 10-ға жуық талапкер қатысты. Олар бірінші кезеңде орыс тілінің лексикасы мен грамматикасын білуге арналған тест тапсырмаларын орындады. Екінші кезеңнің жазбаша бөлігінде берілген тақырыпта эссе жазса, викториналық бөлігінде орыс тілі мен әдебиетіне, осы халықтың мәдениеті мен салт-дәстүріне арналған сұрақтарға жазбаша жауап берді. Ал үшінші кезеңде кез келген жанрдағы мәтінді мәнерлеп оқудан сынға түсті.
Арнайы құрылған қазылар алқасының құрамында аудандық білім бөлімінің әдіскері Ұлан Қалиев, №249 мектеп-лицейдің орыс тілі пәнінің мұғалімі Шамшырақ Жарасова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы Раиса Тасыбаева болды.
Нәтижесінде бірінші орынды №249 мектеп-лицейдің мұғалімі Эльвира Қожахметова жеңіп алса, жүлделі екінші орынды №258 мектептің мұғалімі Сәндігүл Жалғасбай, үшінші орынды №70 мектептің мұғалімі Назгүл Сағындықова иеленді.
Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.