Қазақтың киіз үйі LEGO жиынтығына айнала ма

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақтың ұлттық ойындарын заманауи форматта жаңғыртып жүрген жас кәсіпкер Айнұр Полатова қазақтың киіз үйін LEGO бөлшектерінен құрастырды. Енді жобаның ресми өнімге айналуы үшін 10 мың қолдау дауысын жинау қажет.

Қазақтың киіз үйі LEGO жиынтығына айнала ма
Фото: Видеодан скрин

Бұл туралы «ТАЛАПАЙ» жобасының авторы Айнұр Полатова Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтып берді.

Айнұр Полатова 2022 жылы «ТАЛАПАЙ» жобасын бастаған. Жобаның мақсаты — ұмыт бола бастаған ұлттық ойындарды қайта жаңғыртып, балаларға жаңа форматта ұсыну. Ол қазақтың дәстүрлі ойындарын зерттеу үшін Ұлттық кітапханаға барып, осы бағыттағы ғалымдармен кездескен.

«ТАЛАПАЙ» атауының өзі де жобаның идеясымен байланысты. Кәсіпкердің айтуынша, қазақ тілінің этимологиялық сөздігінде «талапай» сөзі бәсекеге түсіп, бір нәрсеге таласу мағынасында түсіндіріледі. Ол балалардың ұлттық ойындарды қызығушылықпен ойнап, өзара жарысқанын қалайды.

Айнұр Полатова
Фото: Видеодан скрин

— Ұлттық ойындар — жай ғана ойын емес, халқымыздың дәстүрін танытудың бір жолы. Сондықтан көп іздендім, Ұлттық кітапханаға бардым, ғалымдармен сөйлестім. Көпшілік көкпар сияқты ойындарды жақсы біледі. Ал үстел үстінде ойналатын ұлттық ойындарды іздеу қиындау болды. Зерттеу барысында асыққа байланысты ойындардың көп екенін білдім. Мені бұл ойындардың күрделі ережелері мен түрлі комбинациялары да таңғалдырды, — деді Айнұр Полатова.

Кәсіпкер алғашында ұлттық ойындарға арналған ағаштан жасалған бұйымдар әзірлеген. Алайда балалардың қызығушылығы төмен болғандықтан, ол ойыншықтың басқа форматын іздей бастаған. Осылайша қазақтың киіз үйін LEGO бөлшектерінен құрастыру идеясы пайда болған.

Жоба авторы киіз үйді құрастыруға алты ай жұмсаған. Оның айтуынша, ең күрделі кезеңдердің бірі — шаңырақ, кереге мен уықтың құрылымын дәл беру. Сонымен қатар ұлттық ою-өрнектерді қолдану кезінде де бірқатар шектеуге тап болған.

— Балалардың LEGO-ға қызығатынын байқадым. Содан «Неге қазақтың киіз үйі LEGO жиынтығына айналмасқа?» деген ой келді. Компанияның ресми платформасын зерттеп, жобаны сол жерде ұсынуға болатынын білдім. Киіз үйдің дизайнын жасанды интеллект арқылы әзірлеген жоқпыз. Әр кілемнің, әр оюдың, әр бөлшектің өзін мұқият ойластырдық. Шаңырақ, кереге мен уықты барынша түпнұсқаға ұқсатуға тырыстық, — деді ол.

Құрастырмалы киіз үй шамамен 1 500 бөлшектен тұрады. Оның ішінде сандық, кебеже, ошақ сияқты тұрмыстық бұйымдар бар. Сыртында алтыбақан да бейнеленген. Автордың айтуынша, әрбір бөлшек арқылы балаларға қазақ халқының тұрмысы мен дәстүрін таныстыру көзделген.

— Мен балалардың тек шетелдік кейіпкерлерді ғана емес, өз халқының тарихы мен құндылықтарын да білгенін қалаймын. Мысалы, алтыбақан — жай ғана әткеншек емес. Бұрын жастар кешкісін жиналып, танысып, ән айтып, би билеген. Бұл олардың араласатын ортасы болған. Осындай мағынаны әр бөлшек арқылы жеткізгіміз келеді, — деді ол.

Айнұр Полатова жобаны LEGO-ның ресми платформасына орналастырған. Қазір бастамаға 10 мың дауыс жинау қажет. Кәсіпкердің айтуынша, әзірге жобаға 8 600-ге жуық адам қолдау білдірген. Қажетті дауыс саны жиналғаннан кейін компания ұсынысты қарастырады.

Жас кәсіпкердің ұлттық нақыштағы жобалары бұған дейін де шетелде назар аударған. Ол қазақтың киіз үйі пішініндегі сөмке жобасымен Louis Vuitton сән үйіне хат жолдап, Францияда компания өкілдерімен кездескен. Сонымен қатар Айнұр Полатова ұлттық ойындарды Берлинде таныстырып, қазақ мәдениетін шетелдік аудиторияға насихаттап жүр.

Оның айтуынша, басты мақсаты — ұлттық мұраны тек музейде сақталатын жәдігер ретінде емес, балалар күнделікті қолданатын, ойнай отырып үйренетін заманауи өнім ретінде ұсыну.

Бұдан бұрын ақтөбелік оқушылар 4 мың асықтан киіз үйдің макетін жасап шыққанын жазғанбыз.