Арманым чемпион болу — қытайлық боксшы

Қазақтың көк туының астында жұдырықтасқым келеді – қытайлық боксшы
Фото: Күнсұлтан Отарбай/Kazinform

БЕЙЖІҢ. KAZINFORM — «Арманым — болашақта Қанат Ислам, Шафкат Рахмонов, Серік Сәпиев сынды былғары қолғап шебері болу. Атажұрттағы қазақтың намысын қорғау». Қытай астанасы Бейжің қаласының бокс мектебінде тәрбиеленіп жатқан қандас Пейіл Шапағатұлы осылай дейді.

— Пейіл, өзіңізді таныстыра кетсеңіз? Бейжіңде не істеп жүрсіз?

— Шыңжаңда Құлжа қаласы Күнес ауданында дүниеге келдім. Қазір осы Бейжің қаласындағы дене-тәрбие университетінде екінші курс студентімін. Сонда оқып, жаттығып жүрмін.

— Бокспен айналысқаныңызға қанша уақыт болды?

— Биыл жеті жылға жуықтап қалды.

— Осы жеті жылда қандай жетістіктерге қол жеткізіп үлгердіңіз?

— Ең алғаш 2015 жылы Шыңжаң өлкесі бойынша өткен біріншілікте 72 келі салмақта екінші орынға, ал одан кейін Бейжің қалалық чемпионатында 75 келі салмақта топ жардым. Ал өткен жылы, яғни 2023 жылы бүкіл Қытай Республикасы бойынша студенттер арасында өткен додада 75 келі салмақта тағы да екінші орынды жеңіп алдым.

— Қазақ боксшыларынан кімдерді танисыз? Кімдерге ұқсағыңыз келеді?

— Осы Бейжің қаласында Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы өтеді дегенді естіп қатты қуанып жүрген едік. Кеше ғана осы іс-шараға Қанат Ислам, Шафкат Рахмонов, Серік Сәпиев ағаларымыз келгенін естіп, тіптен қуанышымызды баса алмай бірден осында жеттік. Осы ағаларымызбен бірге фотоға түсіп, қолтаңба алу — біздің арманымыз. Болашақта осы ағаларымыз сияқты болғымыз келеді. Біз де осы ағаларымыздай чемпион болуды армандап жүрміз.

— Әңгімеңе рақмет! 

Соңғы жаңалықтар