Қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов дүниеден өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақтың тұңғыш антропологы, тарих ғылымдарының докторы, академик Оразақ Смағұлов өмірден озды. Қаралы хабарды Ұлттық музейдің директоры Берік Әбдіғали әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. 

Қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов дүниеден өтті
Фото: facebook.com/berik.abdygaliuly

— Қазақ ғылымы орны толмас қазаға ұшырады. Көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Бас ғылыми қызметкері, қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов дүниеден өтті. Ол бүкіл ғұмырын қазақ халқының антропологиялық тарихын, этногенезі мен тарихи сабақтастығын зерттеуге арнап, Қазақстанда антропология ғылымының негізін қалады. Ғалымның іргелі зерттеулері мен ғылыми еңбектері ұлттық тарихымызды терең тануға өлшеусіз үлес қосты. Ол бірнеше буын зерттеушілерге жол көрсеткен ұлағатты ұстаз, отандық ғылымның көрнекті өкілі болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ұжымы академик Оразақ Смағұловтың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, шәкірттері мен әріптестеріне қайғыра көңіл айтады. Ұлт тарихының ақтаңдақтарын ғылыми тұрғыдан зерделеуге ғұмырын арнаған ғалымның есімі мен бай ғылыми мұрасы халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Иманы саламат, топырағы торқа болсын, — деп жазды ол.

1955 жылы ҚазМУ-дың тарих факультетін бітіріп, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына лаборант болып орналасқан жас еді. Халқын генетика, антропология жағынан зерттеуді армандаған ол Алматы медицина институтында бір жыл стажировкада (1956-1957) болып, адам анатомиясы, бас сүйектердің классификациясы, қан, сүйек, тері, тіс, шаш, тіс мөрі, алақан бедері сияқты толып жатқан адам ағзасы туралы білім алады. Келесі жылы білімін Мәскеу университеті, биология факультетінің антропологиялық мұражайында жалғастырады. 

1958 жылы академик Қ.И.Сәтбаевтың қолдауымен КСРО Ғылым академиясының этнология және антропология институтына аспирантураға оқуға түседі.

1965 жылы «Қазақтың кескін-келбетінің қалыптасуы көне және қазіргі бас сүйектері бойынша» деген тақырыпта «антропология» мамандығы бойынша тарих ғылымда­рының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертация қорғады.

Антрополог ғалым қызы Айнагүл Смағұловамен бірлесіп «Происхождение казахского народа» атты орыс тілінде еңбек жазып шықты. Аталмыш кітапқа ғалымның қазақ этносының бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс морфологиясы, сезімі, май бүрмесі, тері бедерлері мен қаңқа сүйектеріне жарты ғасырға таяу уақыт жүргізген кешенді, салыстырмалы зерттеуінің нәтижесі топтастырылған.

Көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразақ Смағұлов ағамыз «Егемен Қазақстан» газетіне берген бір сұқбатында: «Археологтер қазба жұмысын жүр­гізгенде табылып жатқан адам қаңқасын жинауы керек. Одан кейін оны сақтайтын орын жасауымыз керек. Нағыз тарих осы. Қазіргі біз малданып жүрген архивтік деректер мұның қасында түкке тұрмайды. Адамның нәсіл-тегіндегі генетикалық деректер әлемнің ешқандай қорында жоқ. Өйткені ол адамның өзінде ғана сақталды. Өлген соң сүйегінде, тірісінде бір тал шашында, бір тамшы қанында сақталады. Мұндай бірегейлікті болашақ ұрпақтарымыз тану арқылы өздерінің бір тектен шыққан халық екеніне мақтанатын болады», — деген екен.

Еске сала кетейік, жақында қазақ телевизиясының тұңғыш дикторларының бірі, ақын Зұлхия Жұматова өмірден озды.