17:36, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақты «Алтын адам» арқылы әлемге әйгілі ету керек
АЛМАТЫ. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Сақ дәуірінің құнды жәдігері «Алтын адамды» біз әлі өз деңгейінде насихаттай алмай жүрміз. Алматыда өткен «Қазақтың мәдени ұлттық брендін қалыптастыру: тәжірибе және болашағы» деген дөңгелек үстел мәжілісінде осындай пікір білдірілді,
![None None](/static/img/plug.webp)
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Әр елдің өз ерекшелігі бар. Кішкентай ғана қызғалдақ гүлі - Голландия мемлекетінің символы. Ал жапондықтар өздерін самурайлардың ұрпағымыз деседі. Қазақты да «Алтын адам» арқылы күллі әлемгі әйгілі етуге мүмкіндік мол. Қазақ деген кім дегенде, алтын адамның ұрпағы дейтін дәрежеге жетуіміз керек», - дейді Қазақтың Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы. Оның айтуынша, сақ дәуірінің аса құнды жәдігері саналатын «Алтын адамды» Санкт-Петербордағы Эрмитажға 20 күнге апарған кезде, директоры көрмені тағы 2 айға созуды өтініп, сұрап алған. Өйткені оны көруге арнайы келген адамдар қисапсыз көп болды. Өкінішке қарай, біз оны жеткілікті деңгейде насихаттай алмай отырмыз. Көркем және деректі фильмдерде толық көрініс тауып жатқан жоқ.